10.06.2026, 16:00
Оқылды: 351

Адал еңбек – абырой биігі

Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, өз ісіне адалдық танытып жүрген мамандардың бірі – Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Айнагүл Қуанайқызы Мажитова.

WhatsApp Image 2026-06-10 at 17.01.12

Айнагүл Қуанайқызы 1973 жылдың 4 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Құрайлысай ауылында дүниеге келген. 1980-1990 жылдар аралығында ауылдағы орта мектепте білім алып, үздік оқушылардың қатарынан көрінді. 1990 жылы Орал қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжді тәмамдаған соң еңбек жолын туған ауылында бастады.
Өмірдің түрлі белестерінен сүрінбей өтіп, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген Айнагүл Қуанайқызы бүгінде үш баланы тәрбиелеп өсірген, екі немере мен екі жиеннің ардақты әжесі. Отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын ол еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған.
2002 жылы Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты құрылған кезден бастап осы сотта кіші қызметкер болып еңбек жолын бастады. Сот жүйесінің қызметін терең меңгеруге ұмтылған ол кәсіби білімін жетілдіру мақсатында 2005 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық колледжінің «Құқықтану» мамандығына оқуға түсіп, 2008 жылы оқу орнын ойдағыдай аяқтады.
Жинақтаған тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында 2010 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының кеңсесіне жетекші маман болып тағайындалды. Ал 2017 жылдың 9 қаңтарынан бастап осы соттың бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Көпжылдық еңбек жолында Айнагүл Қуанайқызы сот қызметін ұйымдастыру, іс жүргізудің сапасын арттыру, құжат айналымының уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бағытында кәсіби шеберлігін көрсетті. Өз ісіне ұқыптылықпен қарап, әр тапсырманы жауапкершілікпен орындауы оның басты қасиеттерінің бірі болып табылады.
Сот жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі көбіне кеңсе қызметкерлерінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Айнагүл Қуанайқызы сот жұмысының тиімді жүзеге асуына елеулі үлес қосып келеді. Әріптестері арасында беделге ие маман әрдайым әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алады.
Көп жылғы тәжірибесі бар маман жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Өзінің жинақтаған білімі мен тәжірибесін жас буынға үйретіп, оларға бағыт-бағдар береді. Жас мамандардың мемлекеттік қызмет қағидаттарын меңгеруіне, қызметтік міндеттерін сапалы атқаруына және кәсіби тұрғыдан дамуына қолдау көрсетіп келеді. Оның тәлімгерлік қасиеті мен адамгершілік болмысы ұжымда жоғары бағаланады.
Айнагүл Қуанайқызы қоғамдық жұмыстардан да шет қалған емес. Ұжым өміріне белсене араласып, әріптестері арасында сыйластық пен ынтымақтастықтың нығаюына өз үлесін қосып келеді. Қарапайымдылығы, адамгершілігі мен еңбекқорлығы оны көпшілікке үлгі етіп отыр.
Еңбек жолында қол жеткізген жетістіктері мен сот саласындағы мінсіз қызметі үшін түрлі марапаттарға ие болып, басшылық пен әріптестерінің алғысына бөленіп келеді. Оның саналы ғұмыры мен кәсіби қызметі мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруға бағытталған қажырлы еңбектің жарқын үлгісі деуге болады.
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні мерекесі қарсаңында Айнагүл Қуанайқызын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Ел игілігі жолындағы еңбегі әрдайым жемісті болып, абыройы асқақтай берсін. Өзіне зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр, қызметіне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Осындай білікті де тәжірибелі мамандар мемлекеттік қызметтің мерейін асырып, еліміздің дамуына үлес қоса береді деп сенеміз.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале