11.06.2026, 12:45
Оқылды: 12

Қаратөбе ауданы: Аудан айнасына 90 жыл

Қаратөбе ауданының қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар «Қаратөбе өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Аудандық басылым – жергілікті жұрттың айнасы»  атты тағылымды шара өтті. 

image-11-06-26-11-26-3 (1)

Мерейтойлық бағдарлама Алаш және Қайыржан Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейін аралаудан басталды. Қатысушылар музей жәдігерлерімен танысып, аудан тарихы мен баспасөз саласының қалыптасу жолына қатысты құнды деректерге қанықты. Сондай-ақ музей экскурсоводы Заманбек Тілепберген газет тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған белгілі журналист, қоғам қайраткері Қайыржан Хасановтың еңбек жолы туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.

image-11-06-26-11-26-2

Шараның негізгі бөлігі музейдің конференц-залында өткен дөңгелек үстелде жалғасты. Басқосуға аудан басшылығы, ардагер журналистер, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды ашқан жүргізуші аудандық басылымның тоқсан жылдық тарихына тоқталып, жергілікті газеттің шежіресі бай екендігін атап өтті.

image-11-06-26-11-26-4

Алғашқы сөз аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевке берілді. Өз сөзінде аудан басшысы газет ұжымын мерейтоймен құттықтап, басылымның өңірдің қоғамдық өміріндегі орны ерекше екенін жеткізді.

Жиын барысында өмірден өткен ардагер редакторлар мен журналистердің рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланып, экраннан олардың фотосуреттері көрсетілді.

image-11-06-26-11-26-9 (1)

Дөңгелек үстелде «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы Бекжан Қойшекенов «Колхозшылар үнінен» – «Қаратөбе өңіріне» дейін» тақырыбында баяндама жасап, басылымның 1936 жылдан бергі даму тарихын, атауларының өзгеруін, соғыс және тәуелсіздік жылдарындағы қызметін архивтік деректер арқылы таныстырды. Ал аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов аудандық газеттің халық пен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі рөліне тоқталды.

image-11-06-26-11-26-5 (1)

Еркін пікір алмасу бөлімінде өлкетанушы Тілекқабыл Сағынұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жаңабайұлы және ардагер журналистер өз естеліктерімен бөлісіп, аудандық басылымның өңір руханиятына қосқан үлесін атап өтті.

image-11-06-26-11-26-8 (1)

Мазмұнды жиын соңында қатысушылар «Қаратөбе өңірі» газетінің алдағы уақытта да ел мүддесіне қызмет етіп, ғасырлық белеске абыроймен жетуіне тілектестік білдірді. Шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.

 

 

С.Хасанов,

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале