Маусым айының екінші жексенбісі – Жеңіл өнеркәсіп саласы қызметкерлерінің күні. Бұл күн – тігін цехтарында, аяқ киім өндірісінде, тоқыма кәсіпорындарында, киім дизайнында еңбек ететін жандардың кәсіби мерекесі.

Жалпы экономиканың маңызды саласы ретінде жеңіл өнеркәсіптің халықтың әлеуметтік әлеуетін көтерудегі, әсіресе, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайтудағы рөлі ерекше. Сала өнімдеріне деген сұраныс азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан әр елдің экономикалық даму стратегиясында жеңіл өнеркәсіп саласына басымдық беріледі.
Қазіргі кезде әлемдегі қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан облыстағы сала кәсіпорындары өгізаяңмен болсын даму үстінде. Олар өндіріс көлемін арттыру және жаңа өндіріс орындарын құру бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Соның ішінде, есту және көру қабілеті нашар ерекше жандарға жұмыс беріп, тең мүмкіндіктер жасап отырған сала кәсіпорындарының қызметін ерекше атап өтуге болады. Олар – «Адванс Маркет», «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» және «Қазақстанның соқырлар қоғамы» бірлестіктерінің Орал оқу өндірістік кәсіпорындары.

– Өңірдің жеңіл өнеркәсібі саласында қызмет ететін кәсіпорындар биылғы жылдың өткен төрт ай қорытындысында 1,6 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 24,9%-ға артты. Облыстың жеңіл өнеркәсібі саласында қызмет ететін өндіріс орындары қайта жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстануда. Мысалы, 2023 жылдың соңында «Packaging Systems» ЖШС бигбэг (қапшық) өндірісін жолға қойды.
2024-2025 жылдары аталған серіктестік қосымша жаңа өндіріс орындарын ашты.
Атап айтсақ, вагон төсемдері және жабындарын тігу цехы және 2025 жылы компания қуаттылығы 400 тонна болатын мата өндірісін іске қосты. Онда түйіршіктерден полипропилен материалы тоқылады. Компания әлемдік өндірушілерді жабдықтарымен қамтамасыз етеді және өнімдерін сыртқы, ішкі нарыққа шығаруда, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиева.
Жаңалыққа құштар «Мария ханым» ЖШС өндіріске аутоматты пішу желісін енгізді. Бұл өз кезегінде компанияда еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. «Нұртана» ЖШС арнайы киімдер өндірісін кеңейтті. Алайда жеңіл өнеркәсіп саласының жүгі зілбатпан. Бұл саладағы түйткілді мәселелер жеткілікті. Мысалға, мата, фурнитураның барлығы, тіпті тырнақтай түйменің өзі біздің елде өндірілмейді, сырттан тасымалданады. Шикізат бар болғанмен, оны ұқсату, өңдеу жағы кемшін. Жергілікті өнім өндірушілерге сауда орындарындағы Қырғызстан мен Қытайдан ағылған арзан киімдермен бәсекелесу қиын. Өнімнің өзіндік құны ақталмайды.
«Диана» Орал тігін фабрикасы» ЖШС-ның өндірістік цехы жоғары технологиялы жабдықтармен жабдықталған. Жұмысшы киімдерін тігуге маманданған кәсіпорын негізінен Атырау, Ақтөбе және өңіріміздегі мұнай-газ компанияларына тапсырыспен жұмысшы киімдерін тігеді. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Нарықтан өз орнымызды тапқанымызға он жылдан асты. Фабрика қызметкерлері білікті, қандай тапсырыс түрі болмасын сапалы етіп орындайды. Кейде мемлекеттік тапсырыспен медицина, құрылыс саласының қызметкерлеріне де арнайы киім тігіледі. Өткенде облыстық білім басқармасының тапсырысымен мұғалімдерге жилет тігіп берді. Мектеп оқушыларының киімін тігіп те көргенбіз өтпеді, – деді «Диана» ЖШС директоры Асылхан Орынбеков.
Директордың айтуынша, тігінші мамандар өндірісте көп тұрақтамайды. Басқа салаға кетеді немесе жеке тігін цехтарын ашып, киім жөндеумен айналысады. Сондықтан бұл салада тігінші, киім пішуші мамандарына сұраныс толастамайды. Осы орайда фабрика ашылғаннан бері оның отымен кіріп, күлімен шығатын тігіншілер Флора Оразбаева, Айнұр Жұмақаева, киім пішуші Айгүл Салықова есімдері ұжымда құрметпен аталады.

Аталған салада қызмет ететін кәсіпорындарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көптеген қолдау тетіктері қарастырылған. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бойынша жол картасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жобасы аясында шағын өндіріс орындарына несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, несиені кепілдендіру бойынша қолдау қарастырылған. Өнеркәсіптің даму қоры» АҚ арқылы сала кәсіпорындарымен жабдықтарды жеткізу үшін төмендетілген пайызбен лизингтік және несиелік қаржыландыру бойынша қолдау көрсетіледі. Десе де, жеңіл өнеркәсіптің қарқынды даму келешегі алда деп сенелік.
Жеңіл өнеркәсіп саласы қызметкерлері күні қарсаңында аталған сала қызметкерлерінің баршасына төл мереке құтты болсын дейміз.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»