Алтынай Есқалиева – қоғамдық жұмыстарға етене араласып, өңірдің әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қоғам белсендісі. Ол құрған «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі бүгінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, қайырымдылық мәдениетін дамыту және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Алтынай Ғалимолдақызы 1949 жылы Ресейдің Ульянов облысы Чердаклы ауданының Чердаклы стансасында Ғалимолда мен Мария Ермековтердің отбасында дүниеге келген. Отбасымен 1952 жылы Саратов облысы Красноармейск ауданының Некрасов ауылына, кейін Новоузенск ауданының Глухов атындағы совхозына қоныс аударды. Сөйтіп 1967 жылы Саратов облысындағы Новоузенск қаласында №8 орта мектепті тәмамдап, сол жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түседі. Сонымен қатар 1971 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алып, 1973 жылы отбасымен түбегейлі Орал қаласына қоныс аударады.
Кейіпкеріміздің өмір жо-лы өнегелі отбасылық құндылықтармен де тығыз байланысты. Ол 1970 жылы Орал қаласының тумасы Аманкелді Есқалиевпен отбасын құрып, ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Ерлі-зайыптылар екі қыз тәрбиелеп, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бүгінде үш немере мен төрт шөберенің ардақты әжесі деген атқа ие болып отыр. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін ол отбасылық құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға ұлттық тәлім-тәрбие беруді өзінің басты міндеттерінің бірі санайды. Қазіргі уақытта жұбайы өмірден озғанымен, отбасының береке-бірлігін сақтап, ұрпағының ортасында сыйлы ана, аяулы әже ретінде бақытты өмір сүріп келеді.
Қоғам белсендісі 2006 жылы «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігін құрып, бүгінгі күнге дейін оның төрағасы қызметін атқаруда. Өзі жетекшілік ететін қоғамдық бірлестік 2017 және 2024 жылдары Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арасындағы «Отбасы демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу» аталымы бойынша лауреат атанды. 2021 жылы ұйым республикалық «Таңдау» сыйлығының жеңімпазы болды. Көпжылдық қоғамдық қызметі мен азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін «Шапағат» медалімен, ҚР Конституциясының 25 жылдығы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Сондай-ақ қайырымдылық қызметі үшін «Қайырымдылық үшін» медалін өңіріне тағып, облыс және қала басшылығының Құрмет грамоталары мен алғысхаттарына ие болды. 2007 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, қоғамдық қызметін тоқтатпай, белсенді түрде жалғастырды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы үкіметтік емес секторда еңбек етіп, отбасы институтын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. 2009-2013 жылдары Теректі ауданының Юбилейный ауылында өзінің бастамасымен «Ауылдың балапаны» шағын орталығын ашып, 60 баланы мектепке дайындады. Жоба ауылда жаңа мектеп салынғанға дейін табысты жұмыс істеді.
Алтынай Ғалимолдақызының маңызды бастамаларының бірі – «Үйсіздерге арналған дөңгелекті буфет» жобасы. Бұл – Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі. Бастапқыда демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан жоба бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Жобада баспанасыз азаматтарға ыстық тамақ, киім-кешек, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп қана қоймай, олардың туыстары іздестіріліп, отбасыларына оралуына қолдау көрсетіледі. Соңғы он бір жыл бойы Алтынай Есқалиеваның бастамасымен Орал қаласында «Күміс жасқа арналған би кештері» жобасы өткізілуде.
Бұл жоба егде жастағы адамдардың белсенді өмір сүруіне ықпал етіп, олардың өмірге деген құлшынысын арттыруда. Бүгінде оның үлгісімен қаланың әртүрлі ауданында ашық аспан астында би кештері ұйымдастырылуда.
Өз қызметінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Оның басты ұстанымы – «Берік әрі дені сау отбасы – қуатты Қазақстанның негізі».
Алтынай Ғалимолдақызының басты қасиеттері – жауапкершілік, табандылық, азаматтық кемелдік, тәртіптілік және адамдар тағдырына деген жанашырлық. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан жобалар қоғамдық маңыздылығымен, өміршеңдігімен және нақты нәтижелерімен ерекшеленеді.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»