12.06.2026, 11:45
Оқылды: 13

Түркі танымына тән

ҚР жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне арналған  AQJAIYQ FASHION FESTIVAL V халықаралық сән фестивалі өтті. Екі күнге созылған ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген дизайнерлер қатысып, төл мәдениет пен заманауи сәннің үйлесімін паш етті.

117A2479

Бес жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан фестивальдің басты ерекшелігі – сән индустриясын дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғаларды насихаттау және өңірлік туризмді қолдау. Биылғы фестиваль қазақ халқының азаттық рухының символына айналған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ерлігіне арналды.

Фестивальдің ұйымдастырушысы, Батыс Қазақстан облысы дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымова жобаның маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгінде отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту қажет. Дегенмен қазір цех ашып, өндіріс жүргізгеннен гөрі жеке бренд қалыптастыру жеңілірек болып тұр. Сондықтан біз бұл фестиваль арқылы тек сәнді ғана емес, тігін өндірісін дамыту мәселесін де көтереміз. Президентіміз айтқандай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – басты міндеттердің бірі. Қазақы болмысымызды жоғалтпай, мәдени мұрамызды жаңа буынға жеткізуіміз қажет. AQJAIYQ FASHION FESTIVAL биыл бесінші рет өткізілуде. Сонымен бірге облыстық дизайнер қауымдастығының құрылғанына да биыл – бес жыл. Фестивальде тек сән ғана емес, туризм, кәсіпкерлік, тарих және мәдениет тоғысады. Қонақтарды өңіріміздің тарихи орындарымен таныстырамыз. Бір жобаның өзі бірнеше саланың дамуына серпін беріп отыр. Биыл фестиваль халықаралық деңгейде өтіп, Исатай мен Махамбет батырлардың рухын дәріптеуге арналды, – дейді Әсем Кенжебайқызы.

117A2509

Фестиваль бағдарламасы ұлттық мұраға негізделген дөңгелек үстел отырысымен басталды. Фестивальге қатысқан дизайнерлер қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бейнелерін заманауи сән тілі арқылы жаңаша таныстырып, ерлерге арналған тың топтамаларын ұсынды.

117A3834

Сән мерекесіне Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларымен қатар Қырғызстан мен Татарстаннан келген танымал дизайнерлер қатысты. Қырғызстандық дизайнерлер Газбүбі Тұрдубаева мен Гүлназ Маматқұлова қырғыз халқының бай мәдени мұрасын таныстырса, Татарстаннан келген жас дизайнерлер көшпелі өркениет пен Еділ бойы халықтарының мәдени кодын сән арқылы көрсетті. Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, ұлттық дизайн академиясының академигі, модельер-дизайнер, эксперт Раушан Әнуарбекова ұлттық нақыштағы «Алаша» және «Әуенді Барқандар» коллекцияларымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.  Сондай-ақ «OSMAN» брендінің негізін қалаушы Гүлайым Қуанышқали, көркемдік, технологиялық және мәдени аспектілерді үйлестірген «Алтын жіп» әйелдерге арналған кешкі киімдер топтамасының ауторы Сұлужан Сенім, жас дизайнер Дильназ Арыстанованың шығармашылық жұмыстары көпшіліктің көңілінен шығып, жоғары бағаланды.

Фестиваль аясында дизайнерлер өз шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Оралдық дизайнерлердің «AQJAYIQ NURY», «РУХ», «Тұмар», «The Fremen», «AQQÚ» секілді топтамалары ұлттық кодты жаңаша пайымдаудың жарқын үлгісіне айналды.

Екі күн бойы өткен көрсетілімдер сән индустриясындағы жаңа үрдістерді таныстырып қана қойған жоқ. Олар ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін, дәстүр мен заманауи көзқарастың сабақтастығын көрсетті. Сонымен қатар шоурум (көрме) алаңында дизайнерлер өз өнімдерін ұсынып, келушілер сән туындыларын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

117A2702

Фестиваль қорытындысында сән көрсетіліміне қатысқан дизайнерлер облыс әкімінің, облыстық қоғамдық даму басқармасының және басқа мекемелердің алғысхаттары мен естелік сыйлықтарымен марапатталды.

AQJAIYQ FASHION FESTIVAL бүгінде тек сән көрсетілімі емес, ұлттық мұраны жаңғыртатын, шығармашылық пен кәсіпкерлікті қолдайтын, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды алаңға айналып келеді. Бес жылдық тарихында фестиваль өңірдің мәдени
бренді ретінде қалыптасып, Батыс Қазақстанның шығармашылық әлеуетін әлемге танытуға  үлес  қосуда.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале