Әлеуметтік желіде Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы қоқыс аумағынан медициналық қалдықтардың табылғаны жөнінде бейнежазба тарады. Жазбаға сүйенсек, қаптарға салынған медициналық қалдықтар топыраққа жартылай көмілген. Полигондағы қан сынамалары мен шприцтер желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Осы дүйсенбіде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аталған жайтқа байланысты арнайы брифинг ұйымдастырып, сан сұраққа жауап берді. Департамент басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның (суретте) айтуынша, қазіргі кезде қоқыс аумағынан медициналық қалдықтар алынып тасталған. Бейнежазба жарияланған күннен бастап аталған орынға жауапты мекемелер мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері арнайы барды. Медициналық қалдықтың көлемі 144 келіні құрайды.
Оның қоршаған ортаға, табиғат пен адам денсаулығына әсерін анықтау мақсатында қалдық пен топырақтан сынама алынып, сараптамаға жөнелтілген. Бүгінде қоқыс аумағындағы қалдық орны хлор өнімі бар препараттармен залалсыздандырылған.
– Біздің мамандар экология департаментінің мамандарымен бірлесіп, топырақтан санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерді анықтау үшін сынамалар алды. Ал табылған медициналық қалдықтар құқық қорғау құрылымының мөрімен белгіленіп, жауапты мекемеде сақтаулы тұр. Сынама қорытындысы 3-7 күнде дайын болады. Өңірде медициналық қалдықтарды тасымалдау, өңдеу және өртеу қызметтерін көрсететін бірнеше мекеме жұмыс істейді. Заңнамаға сай жауапты компания қалдықтарды мүфтелді пештерде өртеуі қажет. Қазірде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Медициналық қалдықты қоқыс орнына заңсыз төккен компания анықталды. Сынама қорытындысы шыққан соң, залал санатына қарай кінәлі тұлғаларға заң аясында тиісті іс-шаралар қабылданады. Санитарлық-эпидемиологиялық заңнама талаптарын өрескел бұзған компанияға айыппұл салынып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқама беріледі, – деді Г. Кереева.

Қоқыс полигонынан небары 450 метр қашықтықта су айдыны орналасқан. Департамент мамандары су мен топырақтан да сынамаға алған. Егер адам мен жан-жануарлар үшін қауіпті инфекциялық аурулардың қоздырғыштары анықталса, санитариялық-эпидемиологиялық заңнамасына сәйкес қажетті іс-шаралар жүргізіледі.

Айта кетелік, Қазақстанда санитариялық гигиеналық талаптарды бұзған азаматтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»