12.06.2026, 21:30
Оқылды: 24

Жұбан кітапханасының 155 жылдығы Қазталовта атап өтілді

Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың 155 жылдық мерейтойына арналған «Бас кітапхана – ортақ мұра, ортақ тарих» жоба аясындағы «Өткенді сақтай отырып, болашаққа беттеген Жұбан кітапханасы» атты мәдени-танымдық іс-шара Қазталов ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

image-12-06-26-04-36-1
Мерейтойлық кешке Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова бастаған делегация, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев, кітапхана саласының ардагерлері мен қызметкерлері, оқырмандар, ақын-жазушылар, жастар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында кітапхананың ғасырдан астам тарихы мен ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі ерекше аталып өтті. Бір жарым ғасыр бойы бұл киелі шаңырақ мыңдаған оқырманның білім көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи мұраны сақтауға және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет етіп келеді.
Кеш барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген қанатты сөзі ерекше мәнге ие болып, кітаптың ұлт болашағын қалыптастырудағы маңызы кеңінен сөз болды.

image-12-06-26-04-36-3
Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Қасиетті қара шаңырақ – руханият бесігі» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде кітапхананың қалыптасу кезеңдері, тарихи суреттер, сирек кітаптар, архивтік материалдар мен өлкелік қордағы құнды басылымдар қойылып, келушілерге кітапхана тарихынан мол мағлұмат берілді. Бұл көрме руханият ордасының өткен жолын ғана емес, оның бүгінгі жетістіктері мен болашақ бағыттарын да айқын көрсетті.
Сонымен қатар екінші қабаттағы заманауи жобалар көрмесінде кітапхана қызметіндегі инновациялық бағыттар таныстырылды. Сандық технологияларды кітапхана ісіне енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, цифрлық ресурстарды дамыту бағытындағы тың жобалар көпшілік қызығушылығын тудырды. Жас мамандардың шығармашылық ізденістері мен креативті бастамалары кітапхана қызметінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартты.

image-12-06-26-04-36-2
Мерейтойлық бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде өткен «Жырмен ой тоғысқан – әдеби алаң» әдеби кездесуінде кітаптың қоғамдағы рөлі, әдебиеттің ұлт тәрбиесіндегі орны, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Әдеби ортада ақындар мен қаламгерлердің шығармалары оқылып, көркем сөздің қадір-қасиеті дәріптелді.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Кітапхана. Технология. Болашақ» атты сурет байқауы мен «Жырмен өрілген 155 жыл» атты жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, үздік деп танылған қатысушылар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Жас суретшілер мен жас ақындардың шығармалары кітапханаға деген сүйіспеншілік пен рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі болды.
Сондай-ақ кітапхана саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандар, белсенді оқырмандар мен шығармашыл отбасылар облыстық және аудандық деңгейдегі алғысхаттармен марапатталды. Бұл – кітап пен кітапханаға адал қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.

image-12-06-26-04-36
Жұбан кітапханасының 155 жылдық мерейтойы тек мерекелік шара ғана емес, руханиятқа тағзым, кітапқа құрмет және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды. Ғасырлар бойы ұлттың рухани қорын байытып келе жатқан қара шаңырақ алдағы уақытта да оқырман мен кітаптың арасындағы алтын көпір болып, білім мен мәдениеттің, ғылым мен өркениеттің шамшырағы болып қала беретіні анық.

Ернәсіл Рысқалиев, 

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале