Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz
Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын орта есеппен 3-4%-ға артып келеді. Әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде тапшылық қатты байқалады, мұндағы қажеттіліктің басым бөлігі әлі күнге дейін теріскейден келетін ағындар есебінен жабылып отыр. Мұндай жағдайда Алматы облысында атом электр станциясын салу — елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, ұзақ мерзімді сенімділікті қамтамасыз ететін бірден-бір стратегиялық шешім. Бұл алып инфрақұрылымдық жоба тек энергия тапшылығын жойып қана қоймай, іргелес аумақтардың дамуына, жаңа жолдар, электр желілері мен су құбырларын тартуға, сондай-ақ заманауи мектептер, балабақшалар мен шипажайлар салуға үлкен серпін береді.
Жобаның ел экономикасы мен әлеуметтік салаға тигізер мультипликативтік әсері оның жұмыс орындарын ашу көрсеткішінен-ақ айқын көрінеді. Болжамдарға сүйенсек, АЭС құрылысы басталған соң, 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал 2032 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары ең жоғарғы шегіне жеткенде, нысанда еңбек ететін мамандар саны 10 мың адамнан асады деп күтілуде. Станция толық іске қосылатын 2035 жылы мұнда 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 600-ге жуық жоғары білімді инженер, 550 арнаулы орта білімі бар маман және 850 бейінді техникалық жұмысшы тұрақты еңбекақымен қамтылады. Бұл бастама елімізде жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастырып, отандық адами капиталдың ұзақ мерзімді дамуына жол ашады.