Астанада өткен «Әділет» саяси партиясының II съезінде ұйымның болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды шешім қабылданды, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы.

Фото: "Егемен Қазақстан" басылымынан
Делегаттар бірауыздан Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларын қамтитын толыққанды өңірлік желі құруды мақұлдады. Осы қадам арқылы мемлекеттік тіркеу кезеңінен өткен жаңа саяси күш енді нақты ұйымдық құрылыс жұмыстарына кіріспек. Жиында партия филиалдарының қызметін реттейтін арнайы ереже бекітілді. Партия Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Гүлзира Атабаева бұл құжат жергілікті жерлерде шешімдердің қалай қабылданатынын, ішкі тәртіп пен бақылаудың қалай жүргізілетінін айқындайтын негізгі тетік екенін атап өтті.

Партия өкілдері Бурихан Нұрмұхамедов пен Дмитрий Павленконың пікірінше, кез келген саяси ұйымның болашағы мен халық сенімі тікелей өңірлердегі жұмыстың нәтижесіне байланысты. Жаңадан ашылатын филиалдар орталық пен жергілікті тұрғындар арасындағы алтын көпірге айналып, азаматтардың мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ съезде «Дала Қырандары» жастар қозғалысының өкілі Мәди Рымжанов сөз алып, партияның шынайы күші халықтың мұң-мұқтажын ести білуінде екенін жеткізді. Бекітілген жаңа ережеге сай, өңірлік бөлімшелердің жұмысы толықтай ашықтық, есептілік және қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік қағидаттарына негізделетін болады.