Мектеп қабырғасындағы достық әскер қатарында жалғасуы сирек кездесетін құбылыс. Ал Түркістан облысы Арыс ауданынан шыққан алты жас бүгінде Ұлттық ұлан әскер қатарына бірге келіп отыр.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөліміне келген жаңа толықтырым арасында ерекше оқиға тіркелді. Бір сыныпта білім алған алты түлек әскер қатарына бірге шақырылып, Отан алдындағы борышын да қатар атқаруға бел буған.
Олар – Арыс ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектептің түлектері. Мектепте бірге оқып, бірге есейген достардың әскери қызметке де бірге аттануы кездейсоқ шешім емес.

– Біз бала кезімізден бірге өстік, бір сыныпта оқыдық. Әскерге бірге бару туралы бастаманы достарымыз Жасұлан мен Дархан көтерді. Біз бұл ұсынысты бірден қолдап, алтаумыз бірге әскерге аттануға шешім қабылдадық. Қазір де бір бөлімде қызметімізді бастап жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді сарбаздардың бірі Бақдәулет.
Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят үшін бұл – өмірдің жаңа кезеңі. Кеше ғана бір партада отырған достар бүгінде әскери сапта қатар тұр.
Қазіргі уақытта жас сарбаздар оқу пунктінде бастапқы әскери даярлықтан өтуде. Олар саптық дайындықтың қыр-сырын меңгеріп, әскери жарғыларды оқып, қару-жарақты пайдаланудағы қауіпсіздік шараларын үйренуде. Командирлер олардың ұйымшылдығы мен өзара қолдау көрсету мәдениетін ерекше атап өтеді.
Мектеп партасынан басталған достық бүгінде әскери сапта жалғасып жатыр. Ал алты достың ортақ таңдауы кейінгі буынға үлгі болары анық.

Айта кетейік, сарбаздар бастапқы әскери даярлық курсын аяқтағаннан кейін әскери ант қабылдап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтік міндеттерін орындауға кірісетін болады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі