Жуырда Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жас ақын, Қызылоба ауылының түлегі Ернар Жақсыбаевтың «Жүректегі дауыл» атты алғашқы жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Өлең өлкесіне жаңа қанат қаққан жас дарындарды қолдау мақсатында «Әдебиет порталы» ұйымдастырған салтанатты кешті ақын Асантемір Қаршығаұлы жүргізді. Алдымен сурет өнеріне бет бұрып, қылқаламды серік еткен Ернардың жүрегіндегі жыр сәулесі жиырма жасында оянып, оны поэзия әлеміне жетелеп әкелді.

Содан бері қалам мен қойын дәптер оның айнымас серігіне айналды. Осынау қуанышты күнде Ернардың өнердегі достары: ақын Алтынбек Ермекқалиев, Олжас Сейтимов, Айбар Сүйіндіков, Ұларбек Дәлейұлы, Қабиден Қуанышбайұлы, әнші Замир Гумаров пен күйші Досым Мақсотов арнайы қатысып, кеш иесіне ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар оқушылар ақын жинағына топтастырылған өлеңдерді нақышына келтіре оқып, жыр кешінің ажарын аша түсті. Кітаптың лента қию рәсімі Ернардың елден ат терлетіп келген әкесі Талап Жақсыбаевқа, ақын Сұраған Рахмет пен ел ағасы Сайран Дүйсенге ұсынылып, ақынның шығармашылық жолына сәт сапар тіледі.

Айта кетелік, өнерді өнеге еткен әулеттен шыққан ақынның тырнақалды туындысында туған жерге деген сағыныштан туған 80-нен астам жүрекжарды жырлары енгізілген.

Жиын соңында сөз алған Ернар Талапұлы алғашқы қадамында демеу болып, қолдау көрсеткен барша жанға ризашылығын білдіріп, оқырман сенімі оған жаңа шығармашылық белестерді бағындыруға күш беретінін атап өтті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы