17.06.2026, 11:00
Оқылды: 12

Тәттілер әлеміндегі жаңа есім

Арманға апарар жол айқын мақсат, табанды еңбек пен үздіксіз ізденістен тұратыны ақиқат. Расында да, кез келген үлкен жетістік бір күнде келмейді. Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастардың қатары көбейіп келеді. Олар жас ерекшелігіне қарамай, тың идеяларды жүзеге асырып, қоғамға өз үлесін қосуда. Осындай талапты жастардың бірі – жас кондитер әрі кәсіпкер Бейбарыс Сұлтан.

6b74ffe1-c841-4e0e-8074-c587c565bde6

Бейбарыс Орал қаласындағы №47 мектепте білім алды. Ол бізден бір сынып төмен оқитын. Сол кездің өзінде-ақ торт пісіріп, кондитерлік салада өз атын қалыптастырып келе жатқанын сырттай біліп жүретінбіз. Жуырда Instagram желісін ақтарып отырып, оның парақшасына көзім түсті. Соңғы жарияланымдарына назар аударсам, бұрын үй жағдайында тапсырыс қабылдаған жасөспірім бүгінде жеке кондитерлік дүкен ашып, жаңа белесті бағындыруда екен. Бұл жаңалыққа ерекше қуанып, замандасымның жетістік жолын газет оқырмандарына таныстыруды жөн көрдім.

Бейбарыс Сұлтан биыл 18 жасқа толған. Қазіргі таңда ҚазИИТУ-да экономика және бизнес бағыты бойынша білім алуда. Бірінші курсты тәмамдаған жас кәсіпкер оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің жауапкершілігін жақсы түсінеді.

Бейбарыстың бұл салаға келу жолы, алғаш дайындаған кондитерлік өнімі, алғашқы табысы туралы білу үшін кейіпкерімізбен аз-кем тілдескен едік. – Отбасымда торт пісірумен немесе кондитерлік өнім жасаумен айналысқан адам жоқ. Үйдің тұңғышы болғандықтан ата-әжемнің бауырында өстім. Әжем күн сайын таңертең ерте оятып, бауырсақтың қамырын ашытуды, түрлі тәтті мен ұннан жасалатын тағамдар пісіруді үйрететін. Сол кезден бастап кондитерлік өнім дайындауға қызығушылығым оянып, бұл іске деген ынтам арта түсті, – дейді кейіпкеріміз.

Бейбарыстың кондитерлік өнерге деген құштарлығы сегіз жасында басталған. Алғашында құймақ, панкейк, бауырсақ сияқты қарапайым тағамдарды дайындап бастаған ол уақыт өте келе YouTube желісінен түрлі рецепттер қарап, тәтті әзірлеудің қыр-сырын өз бетінше меңгерген.

Алғашқы тапсырысын жас кондитер 13 жасында қабылдаған. Дайындаған тортын 8 000 теңгеге сатқанымен, қажетті өнімдерге 10 000 теңге жұмсап, пайда көрмеген.

– Бес жыл бұрын 10 000 теңге мен үшін үлкен ақша болатын. Бірақ еш өкінген жоқпын. Алғашқы тапсырысым маған ерекше әсер қалдырды. Дәл сол сәттен бастап бұл істі одан әрі дамытқым келді, – дейді Бейбарыс.

Бүгінде оның өміріндегі ең үлкен жетістіктердің бірі – жеке кондитерлік дүкенін ашуы. Бұл идея бір күнде келген жоқ. Он жылға жуық жинаған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде жүзеге асты. Алғашында үйден тапсырыс қабылдап, жеке кәсіпкер ретінде жұмысын бастаған жасөспірім уақыт өте келе үй жағдайының кәсібін дамытуға тарлық ететінін түсінген.

Осылайша ата-анасымен ақылдасып, олардың қолдауымен 17 жасында кондитерлік цех пен дүкен   ашқан.

Әрине, кәсіпкерлік жол қиындықсыз болмайды. Әлеуметтік желіде жарияланған әдемі торттардың артында қажырлы еңбек пен көзге көрінбейтін машақат жататыны ақиқат.

– Торт бірден мінсіз шықпайды. Кейбір кезде крем дұрыс дайындалмай қалады. Құрылғылардың жұмысы, бөлме температурасы сияқты ұсақ-түйек көрінетін жағдайлардың өзі нәтижеге қатты әсер етеді. Сондықтан бұл салада ұқыптылық пен шыдамдылық өте маңызды, – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде Бейбарыстың командасында төрт адам еңбек етеді. Олардың қатарында наубайшы, кондитер, ыдыс жуушы және кәсіптің барлық үдерісін қадағалайтын өзі бар. Кондитерлік дүкен әртүрлі жеке тапсырысты орындап қана қоймай, мейрамханалармен, асханакафелермен серіктестік орнатқан. Сонымен қатар күнделікті сатылымға арналған тәтті өнімдер де тұрақты түрде дайындалады.

Кондитерлік өнім дайындауда Бейбарыс үшін ең маңыздысы – сапа. Сондықтан тәттілерді әзірлеу барысында жоғары сапалы әрі халал шикізатты пайдалануға басымдық береді. Оның пікірінше, тұтынушының көңілінен шығатын өнімнің негізінде дәл осы қағидалар жатыр.

Қазіргі таңда дүкеннің ең сұранысқа ие өнімдерінің қатарында түрлі торттар, шай дастарханына арналған тәтті жиынтықтар, балғын бәліштер мен десерттер бар. Барлық өнім ауторлық рецепт бойынша әзірленеді.

– Торттардың барлық түрін дайындаймыз. Ең бастысы – сапа мен бағаның арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Тұтынушыларымызға әрі сапалы, әрі қолжетімді өнім ұсынуға тырысамыз. Барлық өніміміз ауторлық рецепт бойынша әзірленеді. Бұл рецепттер заң жүзінде қорғалғандықтан, оларды өзге адамдардың пайдалануына немесе басқа жерде қолдануына мүмкіндік берілмейді, – дейді жас кәсіпкер.

Бейбарыстың бала күннен бері үлгі тұтатын тұлғасы – ресейлік танымал кондитер Ринат Агзамов. Бір қызығы, осыдан бес жыл бұрын берген сұхбатында да ол дәл осы есімді атаған екен. Арада уақыт өтсе де, оның таңдауы мен мақсаты өзгермеген. Жас кәсіпкер әлемдік деңгейдегі күрделі әрі өзгеше торттарымен танылған шебердің еңбегін жоғары бағалайды және оны өзінің кәсіби бағдаршамы санайды. Бейбарыстың айтуынша, болашақта өзі де сондай биік деңгейге жетіп, кондитерлік өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғысы келеді.

Кейіпкеріміз тұрақты тұтынушыларының сеніміне ие болу үшін эксклюзивті тапсырыстарды тегін жеткізіп, әр тапсырысқа шағын сыйлық қосуды дәстүрге айналдырған. Оның сөзінше, жақсы қарым-қатынас пен қолжетімді қызмет кез келген бизнестің дамуына ықпал етеді.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді халқымыз. Бұл нақыл сөз Бейбарыстың болмысына дәл келетіндей. Ол тек кондитерлік өнермен ғана шектеліп қалмай, өзін басқа салаларда да сынап көріп жүр.

– Өзімді тек кондитерлік саламен ғана шектегім келмейді. Торт пісіруден бөлек мобилографияға қызығамын. Видео түсіріп, монтаж жасағанды ұнатамын. Бұл шығармашылық қабілетімді дамытып, жаңа дүниелерді үйренуге көмектеседі. Сонымен қатар бос уақытымда үйде түрлі ыстық тағамдар әзірлеумен айналысамын. Жалпы өзімді әртүрлі бағытта сынап көріп, үнемі дамып отырғанды  жақсы  көремін, – дейді ол.

Жас кәсіпкер уақыт талабынан қалыс қалмауға тырысады. Оның пікірінше, бүгінде сапалы өнім шығарумен қатар оны дұрыс таныстыра білу де маңызды. Сондықтан Бейбарыс әлеуметтік желілердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, кондитерлік дүкенінің парақшасын тұрақты түрде жүргізуге және жеке брендін дамытуға айрықша көңіл бөледі. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер тұтынушымен байланыс орнатудың, өнімді кең аудиторияға танытудың және кәсіпті дамытудағы ең тиімді құралдардың біріне айналған.

e901fd76-1e94-412d-82a2-e99bce9909d7

Бейбарыстың болашаққа құрған жоспары да ауқымды. Ол қазіргі жеткен жетістігін межелі нүкте емес, жаңа бастамалардың бастауы деп санайды. Жас кәсіпкер алдағы уақытта халал сертификатын алып, кәсібін одан әрі дамытуды көздейді. Оның ең үлкен арманы – жеке кондитерлік дүкенін үлкен кондитерлік  желіге  айналдыру.

– Алға қойған басты мақсатым – дүкендерімнің санын көбейту. Келешекте үлкен кондитерлік цех ашып, командамды кеңейткім келеді. Өз кәсібімді жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамытуға бек ынталымын. Жетістікке жетудің басты құпиясы – еңбектену. Ең алдымен өз жұмысыңды жақсы көру керек. Содан кейін ғана әрекет ету қажет, – дейді жас кәсіпкер.

Тәтті тағамдар әлемінен өз орнын тапқан жас кәсіпкердің қанаты талмасын, еңбегінің  жемісін  көре  берсін!

Айшагүл Құсайынова,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале