16.06.2026, 16:15
Оқылды: 108

Шегірткемен күрес күшейді

Аймақ басшысының  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің  төрағалығымен шегіртке  тұқымдас  зиянкестермен  күрес  бойынша  іс-шараларды  үйлестіру  жөніндегі  облыстық штабтың отырысы  өтті. Жиында аталған бағытта  атқарылған  фитосанитариялық  іс-шаралар  мен  алдағы  міндеттер  талқыланды.

ш

Биыл облыс аумағында шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі 455,02 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 229,288 мың гектар алқапта үйірлі шегірткелерге, ал 225,732 мың гектар жерде саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жүргізіледі. Бірінші бағытта қаржы республикалық бюджеттен, екіншісінде облыстық бюджеттен бөлінеді.

Мамандардың мәліметінше, 20 мамырдан бастап ауыл шаруашылығы және жайылымдық жерлерде итальяндық прус шегірткесінің жаппай жандануы тіркелді. Осыған байланысты зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары күшейтілді. Бүгінге дейін 6 ауданда жалпы көлемі 62,885 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілді.

Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша өңдеу жұмыстарына 4 мердігер ұйым тартылған. Олар арнайы техникалармен және қажетті препараттармен қамтамасыз етілген. Жалпы саны 39 арнайы техника жұмылдырылып, химиялық өңдеуге жерүсті бүріккіштері, аэрозольді генераторлар, аса жеңіл ұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда.

Жиында құзырлы құрылым басшылары мен аудандық штаб төрағалары фитосанитариялық іс-шаралардың барысы туралы баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жауапты құрылымдарға шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.

 

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале