17.06.2026, 14:30
Оқылды: 12

Көп күттірген жол

Кеңес одағы кезеңінен бері Орал – Атырау күрежолынан Ақжайық ауданындағы Мерген ауылына дейін асфальт жол салынбағанды. Тұрғындар аудан және облыс басшылығының алдында  ауылға кіреберіс жол салу туралы мәселе көтерді. Қаржы-қаражаттың реті келді ме, әйтеуір былтыр мергендіктердің тілегі  орындалды. Өткен жылы ауылға тақтайдай тегіс жол салынды.

bf038523-9804-4a53-a94a-0d1977d8df41

– Ауыл тұрғындары бұл жолды ұзақ күтті. Мердігер «Жайық Сити» компаниясы  екі кіреберіс (әрқайсысы екі  шақырымнан, барлығы 4 шақырым) және ауылішілік бір  шақырым жолды орташа жөн­деуден өткізді. Сонда жалпы 5 шақырым жол жаңарды. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. 2025 жылдың мамыр айынан бастап, қыркүйек айында аяқтады. Қазан айында пайдалануға берілді. Мерген округіне қарасты Мойылдыға бес, Жолап елді мекеніне 14 шақырым кіреберіс  жол жөндеуді күтуде, – деді ауылдық округ әкімі Мейрамбек Тойекешов.

Мерген ауылдық округінде 1213 тұрғын бар. Округ орталығындағы 246 үйде 891 адам тірлік кешуде. Ауыл аудан орталығына жақын, 30 шақырым  жерде.  Алты әкімшілік нысан – әкімшілік, мәдениет үйі, 11 жылдық мектеп және оның жанындағы 60 орындық интернат, балабақша жұмыс істейді. Балабақшада хореограф, психолог маман жетіспейді. Газ-су құбыры тартылған. Жайықтан тартылған су арық қуалап үйлердің бақшаларына жетеді. Мал өсірумен 68 шаруа қожалығы айналысады. Әкімшілік ғимараты ескі, оған да жөндеу керек.

WhatsApp Image 2026-06-16 at 12.43.08

Болат Жұмағалиев (суретте) ауылдық мектепте қырық жылдай география пәні мұғалімі болып, бұл күндері еңбегінің зейнетін көруде.  «Жолымыз жақсарды. Енді көктемгі-күзгі лайсаңда облыс  және аудан орталықтарына еркін қатынайтын болдық. Қуанып қалдық.  Оралдан такси қатынасы жолға қойылды. Мектеп алдына көлік жүрісін баяулататын кедергі салынбақ», – деді Болат Жәкешұлы.

Мергенде кіреберіс жолға жалғасатын М. Әуезов көшесі жаңарып-жарқырап қалған. Мердігер Құрманғазы көшесінің жолын дәрігерлік амбулатория ғимаратына дейінгі бөлігін жөндеген. Өз есебінен.  Кейбір  орталық көшелердегі электр желісінің ескі ағаш бағандары темірбетон түріне ауыстырылуда. Былтыр Мерген және Мойылды ауылдарына бір-бірден қос пәтерлік үй салынған. Алайда жаңа баспаналар иелеріне табысталмады. Өйткені өткен жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегін реттеу құзыреті «Отбасы банкке» берілді. Аталған банк басшылығы ақпараттық жүйе кіріктірілуде депті. Осы ауылдық округтен 14 адам үй кезегіне қойылған. Тұрғындар әлеуметтік нысандарда, ауысымдық әдіспен Атырау, Ақсай жағында жұмыс істейді. Жеке мал өсіреді. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жылына бір-екі тұрғын несие алып, мал өсіруге ден қоюда. Өткен жылы «Шығанақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (жетекшісі Ақнұр Кенжеғалиева) 20,3 млн теңге несие алып, өзіне қажетті тракторын, шөп шабатын техникасын алды.  Қыста сол техникамен ауылдағы көше жолдарының қарын тазалап, көмектеседі.

Округ әкімінің айтуынша, биылғы өткен бес айда сегіз бала мүгедектігіне байланысты және «жаман» аурумен сырқаттанған алты адам,  екі аз қамтылған отбасыға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Мергендіктер қайырымдылық акцияларынан тыс қалмайды. Соның ішінде «Мектепке жол» акциясы және мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналарға 615 мың теңге шамасында қайырымдылық көмек көрсетілді. Шұрайлы даласында төрт түлік малды өргізген мерген­діктер  тату-тәтті  тірлік  кешуде.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале