Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген Рабиға Омарова – бүгінде ұл-қызынан тараған немере-жиендері мен шөберелерінің қызығын көріп отырған ардақты ана. Ол – еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиетінің арқасында туған-туысы мен айналасына сыйлы болып, кейінгі буынға өнеге көрсетіп келе жатқан жан.

Рабиға Ғаббасқызы 1941 жылы 27 мамырда Ресейдің Саратов облысындағы Комсомолка ауылында жарық дүниеге көрінген. Отбасының кенжесі болған ол екі ағасы мен әпкесінің қамқорлығына бөленіп, еркелеп өсті. Кейін есейіп, бойжеткен шақта, 1962 жылы Рахым Омаровпен шаңырақ көтеріп, Жәнібек ауданының Талов ауылында өмір жолын бірге жалғады. Ерлі-зайыптылар әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп, отбасының берекесі мен бірлігін сақтай білді.
Жұбайы Рахым Мешерұлы – Жәнібек ауданындағы Талов ауылының тумасы. Жастайынан еңбекке белсене араласып, училищеде механизатор мамандығын меңгерді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін еңбек жолын әрмен қарай жалғады.
Бір кезеңде мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен спортқа баулу ісіне үлес қосты. Кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, адал еңбегімен көптің батасын алды. «Өмір бар жерде, өмірден өту бар» демекші, Рахым ағамыз дүниеден ерте кеткенімен, жасаған игі ісі мен өнегелі тәрбиесі ұрпағына сарқылмас мұра болып қалды.
Кейіпкерімізге тән ерекше қасиеттердің бірі – оның ақынжанды болмысы. Өмірден түйген ой-толғамдарын өлең жолдарына арқау етіп, өз жанынан жыр шығарады.
Сондай-ақ халықтың рухани мұрасын қастерлеп, әрбір қуаныш пен игі іс-шарада қол жайып, ақ батасын беріп, ізгі тілегін ақтарып отырады. Оның жүрекжарды батасы мен тағылымды сөздері кейінгі ұрпаққа өнеге болып, үлкенді құрметтеу мен ізеттіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Өмірлік тәжірибесі мен даналығы ұштасқан кейіпкеріміздің әрбір сөзі мен батасынан парасаттылық пен мейірімнің лебі сезіледі. Сондықтан да ол отбасының ғана емес, ағайын-туыс пен ауыл-аймақтың да қадірлі ақылшысы, құрметті қариясына айналған. Бүгінде Рабиға Омарова ұрпақтарымен бірге Бәйтерек ауданына қарасты Асан ауылында тұрып жатыр.

Жақсы адам үшін өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі – соңында өнегелі ұрпақ қалдыру. «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады, анадан жақсы қыз туса, елінің гүлі болады» дегендей, Рахым Мешерұлы мен Рабиға Ғаббасқызы тәрбиелеп өсірген перзенттері – ата-ана сенімін ақтап, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Үлкен қызы Гүлара Ақтөбе медициналық институтын тәмамдап, денсаулық сақтау саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал кіші қызы Валентина Орал қаласындағы педагогикалық институтты бітірді. Ол саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, тарих пәнінің мұғалімі ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Жоғары санатты ұстаз әріптестері мен оқушыларының құрметіне бөленіп, ағартушылық жолда абыройлы қызмет істеп келеді. Үлкен ұлы Руслан радиотехникалық техникумды бітіріп, кәсіпкерлік жолын таңдады. Бүгінде жүк тасымалы қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлік орталығын табысты өрістетуде. Кіші ұлы Жасұлан әке жолын жалғап, қара шаңырақтың иесі ретінде өз кәсібін өркендетіп отыр. Құрылыс материалдарын тасымалдау саласында еңбек етіп, жеке кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп келеді.

Жуырда кейіпкеріміздің ұл-қыздары анасының 85 жылдық мерейтойына есте қалар тарту жасап, оның әуесқойлықпен жазған бата, өлеңдерін жинақтап, жеке кітапша ретінде жарыққа шығарды. Бұл анаға деген құрмет пен перзенттік сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды. Бұл жинақ отбасы тарихының бір бөлшегі ретінде әзірленіп, туған-туыстарға естелік ретінде ұсынылды. Сөйтіп, ананың өмірлік ой-толғамдары мен жүрек лебізі бір жинаққа топтастырылып, отбасының рухани құндылығына айналды.

Бұл әулеттің өмір жолы халқымыздың «Ұлды ұяға, қызды қияға қондыру» деген терең мағыналы даналығымен толық үндеседі. Перзенттерінің жетістігіне сүйсініп, немере-шөберелерінің жақсылығын көріп отырған бұл отбасы – бірлігі мен берекесі жарасқан өнегелі әулеттің жарқын үлгісі.
Ана тілегі
(бата)
Өзің тәтті балдай бол,
Тамыры терең талдай бол.
Биік заңғар таудай бол,
Жемісі мол баудай бол.
Өмір жолын таңдай біл,
Ата жолын жалғай біл.
Оқуда зерек бол,
Ұйқыда сергек бол.
Сөзде шешен бол,
Топта көсем бол.
Ойда мәнді бол,
Тойда сәнді бол.
Үлкенге бал бол,
Кішіге кең бол.
Ел үшін жауыр бол,
Жақсыға бауыр бол.
Достарың сүйінсін,
Дұшпаның күйінсін,
Әумин!
Ауылға сағыныш
Сағым тартып мұнартқан белдерімді сағындым,
Ақ пейілді, қонақжай ауылымды сағындым.
Шырылдаған бозторғай, сырлы ауылды сағындым,
Шарбағында тербелген гүлдерімді сағындым.
Сырдың сұлу еркесі – дариямды сағындым,
Өткен заман елесі – қариямды сағындым.
Жусан иісі аңқыған дала таңын сағындым,
Жастық шағым бірге өткен қатарымды сағындым.
Еркелеткен жасымнан Таловымды сағындым,
Мейірің төккен асыл жан, асылымды сағындым.
Жаңбыр жауып көктеген жайлауымды сағындым,
Құшақ жая қарсы алған көзкөргенді сағындым.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»