Сырым ауданының Жымпиты ауылында туған жерді көркейтуге бағытталған игі шара өтті. Жергілікті кәсіпкер Нұралы Үдіреев өзінің туған ауылын көгалдандыру мақсатында 100 түп ағаш көшетін сыйға тартты.

Ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері бұл талдарды Жымпитыдағы Алашорда көшесінің бойына және Алаш саябағына екті. Мұнымен қоса кәсіпкер аудандық мешіттің ауласына өз қолымен 40 түп алма ағашын отырғызды. Оның жеке шаруашылығы да жасыл желекке айналып келеді — бүгінде Нұралы Үдіреевтің өз ауласында 25 түп көктерек пен 50 түп алма ағашы жайқалып өсіп тұр.

Нұралы Үдіреев тек кәсіпкерлікпен ғана емес, аймақтың әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсене араласуымен де танымал. Отыз жылға жуық уақыт бойы сауда саласында еңбек етіп келе жатқан ол қайырымдылық жасауды басты міндеті санап, аудандағы «Сырым үні» қоғамдық қорының құрылуына ұйытқы болған. Өңірдің рухани мәселелері мен қоғамдық-саяси үдерістерінен тыс қалмайтын меценат кейінгі жылдары аудандық қоғамдық кеңестің мүшелігіне өтіп, ауыл өмірін жақсартуға азаматтық тұрғыдан да үлес қосып келеді.