Қадыр сарайда тамаша бір кездесу кеші өтті. Ол бұрынғы КСРО Халық депутаты болған Меңсұлу Дүйсенбайқызы Жұматованың «Көргендерім мен түйгендерім» атты кітабының тұсауын кесуге арналған сәттер еді. Әдебиет айдынында есімі белгісіз болса да, Жұматованың кешіне келгендер жыртылып-айырылды. Сарай қызметкерлері толып келген көрермендерге қосымша орындықтар тасып, зыр жүгірді. Әдетте, бір-бір жарым сағатқа созылатын мұндай басқосулар бұл жолы екі сағаттан асып барып, зорға тарады. Орын жетпей, залға кіре алмай, симай қалғандар дәлізде тұрды. Кітап ауторының құшағы гүлге, көңілі нұрға, жаны сәулеге мөймілдеген сәттер болды да шықты. Кештің тізгін-шылбырын ұстаған Айнабек ақын да аянып қалмады, көрермен мен аутордың арасына жібек жіп болып жалғанып, кездесудің шоғын қыздырып отырды.

Оқырман, әсіресе жастар жағы «Жұматова деген кім болды екен?..» деп отырған шығар, таныстыра кетейік.
Ақжайық ауданының тумасы Менсұлу Дүйсенбайқызы негізгі мамандығы - терапевт-дәрігер. Сонау 1978 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Шымкент өңірінде бастар сәтте, кітапта өзі жазатынындай «Мені ең алыс, ең қиын жерге жіберіңіз» - деп комиссияны таң- ғалдыратын бойжеткен осы. Сөйтіп, аудан орталығы болған Шәуілдірдің ауруханасында жұмысқа кіріскен ғой. Қысқа уақыттың ішінде «Ауданға жас дәрігер келіпті, емі дертке дауа, білікті маман, өзі бір көргенді, тәрбиелі қыз екен...» деген әңгіме желдей есіп, Ақжайықтың аруының аты әуелі ауданға, сосын облысқа тарайды. Басшылары мақтап, алақандарына салады. Сөйтсе, бұл алдағы ғұмырындағы жалаулы өмір сапарының, абырой баспалдағының бастамасы ғана екен. Тағдыр ең жұлдызды сәттерін кейінге сақтапты.

Кітап өзінің атынан көрініп тұрғанындай, Меңсұлу дәрігердің ғұмыр сапарында көргендері, басынан кешкендері, куә болған оқиғалары жайлы. Туралап айтқанда, өзінің өмірін арқау еткен. Бүлдіршін кезінен бастап, есею, ержету, азаматша болу, маман болып қалыптасу, бәрі-бәрі осы кітапта бүкпесіз баяндалады.

Жазира жастықтың жарқылдаған жылдары өткен Алматы қаласы, ежелгі оқу орнындағы студенттік шақтар, «махаббат қызық мол жылдар», дәрігерлік қызметке кіріскен алғашқы айлар мен жылдар, басына қиындық түскен сайын қайралып, шыңдалған қаршадай қыз ғұмыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Адалдығы мен тазалығы, турашыл мінезі ауылдың қарапайым қызын арман жолынан тайдырмай, білдей маман болып өмір мектебінде қайнағаны, халық қалаулысы атанып, (КСРО халық депутаты) мемлекеттік мәселелерге араласқаны қазақ жастарына үлгі болғандай. Кітапты ата-анасынан бастап, мектепте білім берген ұстаздарына, институттағы оқытушыларына, еңбек жолында кездескен мамандығының қыр-сырына үйреткен аға-апаларына, қиналған шақтарында демеген, сүйеген жандарға арнапты. «Бүгінде олардың дені мынау жарық дүниеде жоқ, бір жағынан, осынау шағын еңбегім арқылы олардың алдындағы парызым мен қарызымды жеңілдеткім келді. Есімдерін ақ қағазға түсіріп, оларды көрген-білген жандардың жадында жаңғыртқым келді, ұрпақтарының есіне салғым келді», - дейді аутор. Шығарманың «Тізгінқағарында» бүй дейді: «Дәрігерлік қызметімде адам өмірі үшін арпалысып, ажалға қарсы тұрған сәттерім ойымда, көкейімде мәңгілік мөртаңба болып басылып қалғанын жасырмаймын. Адам жанын қайтсем сақтап қаламын деп, жанұшырған сол мезеттердегі дәрігерлік айла-тәсілдерім, амалдарым жайлы жазамын. Дәрігер де сапер сияқты, қателігі адам өмірімен өлшенеді. Ұзақ жылғы дәрігерлік тәжірибемде әріптестерімнің жіберген қателіктерін талай көріп, бармағымды тістеген кездерім болды. Олар туралы жасырмай жазамын.

Бәлки, солардың бірі болмаса, бірі ауылдық, қалалық жерлерде қызметіне кіріскен жас маман-дәрігерлердің жұмысына көмегі тиіп жатса, құба құп». Расында да, дәрігерлік қызметке жарты ғасыр ғұмырын арнаған аутордың бай тәжірибесін бір кітапқа сыйғызу қиындау сияқты. Қалай болғанда жас маманға үйренерлік дүниелер баршылық.

Меңсұлу Дүйсенбайқызы Шымкент жағынан елге оралғаннан кейін Ақжайық ауданының Жамбыл кеңшарында учаскелік аурухана мен емхананың меңгерушісі болып, қызметке кіріседі. Санаулы уақыттан кейін бір түкпірде жатқан аурухананың жұмысын жақсы жолға қояды. Оны әуелі аудан, сосын облыс, бара-бара республика байқайды. Күндердің күнінде «сонша мақтап жатқан бұл өзі қандай аурухана мен емхана?..» - деп назары ауған шығар, сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Мұхтар Әлиев Жамбыл ауылына арнайы барады. Көреді. Қатты риза болып, «Сіздердің жұмыс тәжірибелеріңізді республикаға тарату керек» - деп аттанады. Көп ұзамай, Орал қаласында дәрігерлердің Бүкілодақтық семинары өтеді. Оған кеңес елінің барлық республикасынан эпидемиолог-дәрігерлер қатысып, олар да Меңсұлу Жұматова басқарған ауылдық аурухананың жұмысымен әдейі келіп танысады, аралап жүріп қарайды. Таңданыстарын жасырмай, әбден риза болып аттанады. Көп ұзамай, дәрігер Жұматова Бүкілодақтық кәсіподақтар атынан КСРО халық депутаттығына кандидат болып тіркеледі. Оны қорғау үшін Мәскеу барып, КСРО Денсаулық сақтау министрі Евгений Чазов пен Бүкілодақтық медицина қызметкерлері кәсіподақтары комитетінің төрайымы Лидия Новак бастаған 40 адамнан тұратын комиссияның алдында емтихан іспеттес сынақ тапсырып, 100 адамның ішінен мүдірмей өтеді. Депутат болып тіркелгеннен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің халық денсаулығын сақтау комитетінің мүшесі, Адамзаттың медициналық-экологиялық проблемалары жөніндегі кіші комитеттің хатшысы болды. Мәскеуден тұрғын үй беріліп, сонда тұрып еңбек етті. Атом сынақтарының (Семей полигоны), әскери полигондардың (Капустин Яр) зардаптарын талмай зерттеген санаулы адамдардың бірі. Америкаға дейін барып, Халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, онда қазақ тілінде полигонның зардаптары туралы баяндама жасаған тұңғыш қазақ қызы.

Тұсаукесерде көңіл тебіренткен сәттер, ағынан жарылған лебіздер мол болды. Әсіресе, сахнаға көтерілген сымбатты келіншек: - Меңсұлу апа, бұл мен ғой, сіз мені күндіз-түні қасымнан кетпей, ажалдан арашалап қалғанда төрт жаста едім... Қазір 36-дамын, Құдайға шүкір, денім сау! Төрт перзенттің анасымын, сізге рақметімді айтайын деп арнайы келіп тұрмын, - дегенде көрермендердің көңіл пернелері дірілдеп, бебеулеп барып басылды... Меңсұлу дәрігердің де жанарына қуаныш жасы үйірілгендей. Сахна алыстау еді, бірақ бізге сол сәтте, солай көрінгені рас! Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, қалалық, облыстық ардагерлер ұйымынан, облыстық мекемелерден, Ақжайық ауданынан арнайы құттықтай келгендер кітап ауторының құшағын гүлге, кеудесін қуанышқа толтырды.

Қорыта айтқанда, біз кітапты, оған байланысты өткен кешті тәптіштеп, жіпке тізіп, баяндамай-ақ қоялық. Оны Жұматованың ғұмыр сапары мен қызметіне қызығып, кітапты іздейтін оқырманның үлесіне қалдырайық. Қалай болғанда да, кітаптың таныстырылымы, тұсаукесері тамаша өтті. Оған келгендерге ерекше ахуал, аужай сыйлағанының куәсі болдық.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»