7.09.2026, 11:30
Оқылды: 11

Қыс қыр астында: Шыңғырлау ауданының шаруалары жем-шөп қорын қамдап жатыр

Шыңғырлау ауданында мал қыстағын ойдағыдай өткізу, төрт түлікті қажетті азықпен қамтамасыз ету және қысқы кезеңде жем-шөп тапшылығына жол бермеу мақсатында ауылдық округ аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

image-07-09-26-10-26

Қысқы кезеңге дайындықтағы ең маңызды міндеттердің бірі мал азығын алдын ала жеткілікті көлемде жинақтап, қажетті қор қалыптастыру. Осыған байланысты Ақбұлақ ауылдық округ аумағындағы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылық иелері күзгі жем-шөп жинау науқанына белсене қатысып, мал азығын дайындау жұмыстарын уақытылы жүргізуде.

Мал азығын дайындауға округ бойынша 77 трактор, 40 маялағыш (стогомет), 32 шөп жинағыш (пресс-подборщик) және 37 орақ, тырма қатысуда. Сонымен қатар, жем-шөп қорын әзірлеуге 30 дан астам шаруа құрылымдары мен жеке тұлғалар шөп шабу, жинау, тасымалдау және қора-қопсыға жеткізу жұмыстарын жоспарға сәйкес атқаруда. Науқан барысында шаруашылықтар тарапынан техникалардың тиімді пайдаланылуына да баса мән берілуде.

Округ әкімі Мирлан Хамиев ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындармен кездесіп, қысқы кезеңге дайындық барысын талқылады. Атап айтқанда, «Акиев» ШҚ, «Нұрсұлтан» ШҚ, «Азиз» ШҚ және «Бердыбай Бекзат» ШҚ басшыларымен кездесулер өткізіліп, мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындау, оның сапасын сақтау және қысқы кезеңде жем-шөп тапшылығына жол бермеу мәселелері сөз болды.

– Қысқы мал қыстағын ойдағыдай өткізу бүгінгі дайындыққа тікелей байланысты. Сондықтан жем-шөп қорын алдын ала қалыптастыруға ерекше мән беріп отырмыз. Әрбір шаруа қожалығы мен жеке тұрғын өз мал басына қажетті азықты жеткілікті мөлшерде дайындауы қажет. Қазір күзгі жем-шөп жинау науқаны мәресіне жақындап қалды. Алдағы күндері қалған жұмыстарды толық аяқтап, қысқы кезеңге сенімді қор қалыптастыруымыз керек. Бұл малдың қоңдылығын сақтап, шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуінің басты кепілі, – деді ауыл әкімі.

Қыс мал баққан шаруа үшін сын сағаты. Қарлы боран мен аязды күндерде төрт түліктің күйін сақтау, қорадағы малдың азығын жеткілікті ету жаз бойғы еңбектің нәтижесіне байланысты.

image-07-09-26-10-26 (1)

Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен тұрғындарға жем-шөпті тек жинап қоюмен шектелмей, оны дұрыс сақтау қажеттігі де түсіндірілуде. Әсіресе жауын-шашын мен қысқы қолайсыз ауа райынан қорғау, шөпті құрғақ әрі қауіпсіз жерде сақтау, мал басына шаққандағы қажеттілікті алдын ала есептеу мәселелеріне назар аударылуда.

Жалпы, ауылдық округте күзгі жем-шөп жинау науқаны аяқталуға жақын. Шаруалар мен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде қысқы мал азығының негізгі қоры жасақталып, төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына қажетті жағдай қалыптасып келеді. Ендігі міндет қалған жұмыстарды сапалы аяқтап, дайындалған жем-шөп қорын ысырапсыз сақтау.

image-07-09-26-10-26 (2)

Өйткені қыстың қамын жазда ойлаған елдің еңбегі еш кетпейді.

Қыс қыр астында. Ал ауылдағы ағайынның көңілі тоқ, малының азығы мол болуы – бүгінгі тынымсыз еңбектің жемісі.

 

Мөлдір Сәдір

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале