Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген жауапты сала. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, оның әдеп мәдениеті, азаматтармен қарым-қатынасы және заң талаптарын бұлжытпай орындауы да маңызды. Қызметтік әдепті сақтау мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысындағы басты талаптардың бірі.

Осы бағыттағы талаптарды түсіндіру және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен түсіндіру кеңесі өткізілді. Жиында ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі Азамат Бисембаев қатысып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын ұстануы, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен мәдениеттілік танытуы, қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындауы кеңінен сөз болды. Себебі мемлекеттік органға келген әрбір азамат ең алдымен сол мекеме қызметкерінің қарым-қатынасы арқылы мемлекеттік қызметтің сапасы мен мәдениетін бағалайды.
Әдеп нормалары – тек қызметтік мінез-құлық талаптарының жиынтығы емес, ол халыққа қызмет етудің ішкі мәдениеті. Мемлекеттік қызметші өз ісімен қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға немесе әлсіретуге ықпал ете алады. Сондықтан әрбір қызметкердің сөзіне, ісіне, азаматтармен сөйлесу мәнеріне және қабылдайтын шешіміне үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қызметшілердің заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы, мүдделер қақтығысына жол бермеуі, қызметтік өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдаланбауы қажеттігі атап өтілді.
Заң талаптарын білу және оны орындау, қызметтік міндетке адал болу, қандай да бір жеке мүддені мемлекеттік міндеттен жоғары қоймау мемлекеттік қызметшінің кәсіби ұстанымының негізі.
Түсіндіру кеңесінің негізгі мақсаты да осы құндылықтарды қызметтік ортада орнықтыруға бағытталды. Қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әдеп нормаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мемлекеттік қызмет сапасын арттырудың маңызды тетігі.

Халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші үшін басты өлшем қызметтік лауазымының мәртебесі ғана емес, ел алдындағы жауапкершілігі. Қарапайымдылық, адалдық, ашықтық, әділдік пен әдептілік қатар жүрген жерде мемлекеттік қызметке деген сенім де арта түседі.
Сондықтан заңға бағыну, әдепті сақтау және халыққа адал қызмет ету – мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық парызы. Бұл қағидаттар күнделікті қызметтің берік ұстанымына айналғанда ғана мемлекеттік қызметтің беделі биіктеп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім нығаяды.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы