Шыңғырлау ауданы орталығында Шыңғырлау, Ардақ, Ақтау және Ақбұлақ ауылдық округтерінің тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Сауда сөрелеріне бау-бақша, көкөніс, жеміс-жидек, жылқы мен қой еті, сүт және балық өнімдерімен қатар қысқы маусымға қажетті отын да шығарылды. Жергілікті тұрғындар қысқа қажетті азық-түлікті алдын ала, делдалсыз әрі тиімді бағамен қамдауға мүмкіндік алды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиев мұндай сауда алаңдарының жергілікті шаруаларды қолдауда және халықты сапалы, табиғи өнімдермен қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті.


Оның айтуынша, жәрмеңкеге тұрғындардың қызығушылығы жоғары, сондықтан мұндай маусымдық шараларды ұйымдастыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы