7.09.2026, 16:00
Оқылды: 14

Картоннан басталған үлкен арман: Шыңғырлауда жас конструктор өсіп келеді

Балалардың асқан қиялы мен шығармашылығы тек ойыншықтармен шектелмейді. Тарихта балалар ойлап тапқан және қазір бүкіл әлем қолданатын көптеген танымал заттар бар.

image-07-09-26-03-16

«Үлкен арман кішкентай қызығушылықтан басталады» деген сөз бар. Бала бойындағы бейімділікті дер кезінде байқап, оған дұрыс бағыт-бағдар беру болашаққа салынған берік негіз. Бүгінде Л.Қылышов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Битенғалиев Русланның айналысып жүрген ісі осы сөздің мәнін айқын аңғартады.

Русланның шығармашылыққа қызығушылығы мектепке барғанға дейін-ақ байқалған. Кішкентай кезінде қағазға сурет салып, үйдің қабырғасын түрлі бейнелермен «толтырып», ойындағысын сурет арқылы жеткізетін. Уақыт өте келе оның қызығушылығы жаңа арнаға бұрылды. Сурет салумен қатар, картоннан, ермексаздан, лего бөлшектерінен түрлі құстар, көліктер, тракторлар мен техникалық бұйымдардың шағын үлгілерін құрастыруды әдетке айналдырды.

image-07-09-26-03-17 (1)

Ең қызығы Руслан кез келген затты жай ғана құрастыра салмайды. Алдымен оның сызбасын жасап, көлемін, өлшемін есептеп, қандай материал қажет екенін ойластырады. Егер ағаштан жасалатын бұйым болса, қажетті ағашты таңдап, өлшеп, кесуге дейінгі жұмыстарды жоспарлайды. Бұл оның бойында тек шығармашылық қабілет емес, техникалық ойлау, ұқыптылық, шыдамдылық және еңбекқорлық қасиеттерінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Жақында Руслан өзі ерекше қызығушылықпен жасаған трактор мен оның пресс құрал-жабдықтарының үлгісін көрсетті. Бұл жұмысты орындамас бұрын техниканың әр бөлшегін атасымен бірге арнайы барып қарап, құрылысын зерделеген. Кейін көргендерін қағаз бен картонға түсіріп, кейбір бөлшектерін пластик бөтелкеден қиып, трактордың терезесін жасап, ұсақ бөлшектерін ермексазбен толықтырған.

image-07-09-26-03-16 (1)

Шағын ғана үстел үстіне қойылған техниканың әр бөлшегіне зер сала қарасаңыз, баланың жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын аңғаруға болады. Бір қарағанда ойыншық тәрізді көрінгенімен, оның әрқайсысының артында ой, ізденіс, өлшем, жоспар және еңбек жатыр.

Русланның бойындағы осы қабілеттің қалыптасуына отбасының қолдауы да ерекше әсер етіп отыр. Әсіресе ата-әжесі немересінің талабын ұштауға барынша жағдай жасаған.

– Руслан кішкентайынан сурет салуға қызығатын. Үйдің қабырғасына дейін өз ойындағы дүниелерін салып қоятын еді. Кейін келе әртүрлі заттар құрастыруға қызықты. Қазір өзі жасайтын бұйымының алдымен схемасын сызады. Бір затты жасау үшін асықпай, әр бөлшегін зерттеп алады. Біз оның осы талабын қолдап, қолынан келгенше қажетті құралдарын алып беруге тырысамыз, – дейді әжесі зейнеткер ұстаз Ләззат Есенқызы.

Ал атасы Мәмбет Қайыршаұлы техниканың тілін меңгерген, қолынан іс келетін шебер жан екен. Сондықтан немересінің техникаға деген қызығушылығын көріп, оған тәжірибесімен бөлісіп, бағыт көрсетіп келеді. Русланның трактор құрастыру барысында атасымен бірге техниканың шынайы құрылысын барып көруі де осы сабақтастықтың бір көрінісі.

Отбасындағы осындай қолдау баланың өзіне деген сенімін арттырады. Әкесі Ринат пен анасы Айнұрдың тұңғышы Русланға үйде арнайы шығармашылықпен айналысатын бөлме бөлініп, онда өзіне қажетті құралдары мен материалдарын жинақтауға мүмкіндік жасалған. Бұл – баланың қызығушылығын жай ермек ретінде емес, болашаққа бастайтын қабілет ретінде қабылдаудың жақсы үлгісі.

Русланның жасап жүрген дүниелеріне қарасақ, оның қызығушылығы инженерлік-техникалық бағытқа, конструкторлыққа, модель жасауға, сәулет немесе робототехника саласына бейім екенін байқауға болады. Әрине, 9-сынып оқушысы үшін нақты мамандықты қазірден таңып қою міндет емес. Ең маңыздысы оның бойындағы табиғи қызығушылықты өшірмей, керісінше дамыту.

Бүгінде балалардың шығармашылық және техникалық қабілетін шыңдайтын түрлі үйірмелер мен заманауи зертханалардың маңызы зор. Сондықтан Руслан сияқты ізденімпаз оқушыға мектеп қабырғасында робототехника, 3D модельдеу, техникалық шығармашылық, ағаш және картонмен жұмыс жасау, инженерлік жобалау бағыттарында қосымша мүмкіндік берілсе, оның қабілеті одан әрі ашыла түсер еді.

Мектепте шағын «Жас конструктор» немесе «Техникалық шығармашылық» бұрышын ұйымдастырып, қажетті құралдармен қамтамасыз ету де тиімді болар еді. Қарапайым конструкторлардан бастап, уақыт өте келе 3D-принтер, өлшеу құралдары, қауіпсіздік талаптарына сай шеберхана жабдықтары секілді мүмкіндіктерге жол ашылса, Русланның ғана емес, осындай қабілеті бар өзге де оқушылардың шығармашылығына серпін берері анық.

Сонымен бірге аудандық деңгейде жас өнертапқыштар мен құрастырушылар арасында байқаулар өткізіп, олардың жұмыстарын облыстық, республикалық көрмелерге ұсыну бала еңбегінің бағаланғанын сезіндіреді. Өйткені кейде бір ғана мақтау сөзі, бір ғана көрме, бір ғана марапат баланың болашақтағы үлкен арманына қанат бітіреді.

Русланның бүгінгі қолынан шыққан әрбір бұйымы оның болашақтағы үлкен мүмкіндігінің кішкентай көрінісі. Бәлкім, бүгінде картон мен ермексаздан техника құрастырып отырған бала ертең күрделі машиналардың сызбасын жасар. Бәлкім, инженер болар, конструктор болар, робототехника саласын таңдар. Қай бағытты таңдаса да, оның қазіргі ізденісі босқа кетпесі анық.

Ең бастысы баланың бойындағы сенімді жоғалтпау. Ал сол сенімді отбасы қолдауы, ұстаздың бағыттауы және қоғамның мүмкіндігі күшейте түссе, баланың бүгінгі қызығушылығы ертең өзіне де, айналасына да қуаныш сыйлайтын үлкен жетістікке айналуы мүмкін.

Русланның қолындағы қарапайым картон, ермексаз бен лего бөлшектері  әзірге ойыншық қана емес. Олар  баланың қиялын нақты дүниеге айналдырып үйреніп келе жатқанының белгісі.

Бәлкім, оның үлкен арманының алғашқы бөлшектері де дәл осы шағын дүниелердің арасынан құралып жатқан шығар.

«Әлем тез өзгеріп жатқаны соншалық, таяу келешекте не боларын ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ білімге құштарлық, өз күшіне сену, табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін ұмытпауымыз керек», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі бүгінгі жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Шығармашылықпен айналысқан оқушы дайын дүниені қайталаумен шектелмейді. Ол сұрақ қояды, ізденеді, салыстырады, өзіндік пікір қалыптастырады. Бұл қасиеттер оның болашақтағы өміріне де жол ашады. Себебі қазіргі қоғамға білімді ғана емес, жаңаша ойлайтын, бастама көтере алатын, қиындыққа мойымайтын азаматтар қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Руслан секілді сабағымен қатар өз қызығушылығын дамытып, ізденуге талпынып жүрген оқушылардың еңбегі қуантады.

image-07-09-26-03-17

Русланның ерекшелігі бастаған ісіне жауапкершілікпен қарап, оны соңына дейін жеткізуге ұмтылуы. Бір қарағанда қарапайым көрінетін картон, ермексаз немесе лего бөлшектерін пайдаланып, белгілі бір техниканың моделін жасау үшін ол алдымен ойланады, жоспарлайды, сызбасын жасайды, өлшейді. Бұл – баланың бойында қалыптасып келе жатқан үлкен еңбек дағдысының белгісі.

- Мектепте Руслан достыққа адал, ізденуге құштар оқушыларымыздың бірі. Бір нәрсе құрастырып жатқан кезде жай ғана жасап қоймай, оның қалай жұмыс істейтінін, әр бөлшегінің қандай қызмет атқаратынын білуге тырысады. Өзінің жасаған жұмыстарын ықыласпен әңгімелеп, әрбір бөлшегін түсіндіре алады. Меніңше, мұндай қызығушылықты міндетті түрде қолдап, дамыту керек. Себебі баланың бүгінгі әуестігі ертеңгі мамандығына айналуы әбден мүмкін. Русланның еңбексүйгіштігі мен бастаған ісіне деген жауапкершілігі сыныптастарына да үлгі болады. Осындай оқушыларға мектеп тарапынан да, ата-ана тарапынан да қолдау көрсетілсе, олардың қабілеті одан әрі ашыла түсетініне сенімдімін, – дейді Русланның класс жетекшісі Зульфия Әмірғалиева.

Шын мәнінде, баланың бойындағы қабілетті ерте байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру үлкен жауапкершілік. Бүгінгі картоннан құрастырылған трактор ертең кәсіби техникалық жобаға, ал баланың бүгінгі қиялы болашақтағы нақты өнертабысына айналуы мүмкін.

Білім мен ізденіс қатар жүрген жерде нәтиже де бар. Сондықтан Русланның талабын қолдап, шығармашылығына жол ашу  оның болашағына жасалған жақсы қадам. Ең бастысы, бала өз қолымен жасаған әрбір дүниесінен қуаныш тауып, «менің қолымнан келеді» деген талабын жоғалтпаса, алда талай белесті бағындырары сөзсіз.

 

Светлана Усалимова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале