Казталов аудандық кітапханада ұйымдастырылған «Құрмет» танымдық жобасы аясындағы кезекті кездесудің қонақтары – денсаулық сақтау саласының ардагерлері, ақ халатқа адалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Уазира Ақатаева мен Ұлданай Неталиева болды.

Өмірін адам денсаулығын сақтауға арнаған қос ардагердің еңбек жолы – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Казталов ауылының тұрғыны, 80 жасқа аяқ басқан ардагер фельдшер Уазира Ақатаева Тақайқызы ұзақ жылдар бойы жедел жәрдем бөлімінде қызмет атқарып, талай жанның өміріне араша түсіп, халықтың алғысына бөленген жан. Ал Жалпақтал ауылының тумасы Ұлданай Неталиева да медицина саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, кәсібіне деген адалдығымен ел құрметіне ие болған ардагер.

Кездесу барысында қонақтар медицина саласындағы қызметтің жауапкершілігі, адам өмірінің қадірі, ақ халатқа деген адалдық, кәсіби біліктілік пен мейірімнің маңызы туралы сыр шертті. Сонымен қатар, жас ұрпақты білімге, еңбекқорлыққа, елге адал қызмет етуге шақырып, өмірден түйген ойларымен бөлісті.
Шараға қатысушылар ардагерлердің еңбек жолымен танысып, олардың естеліктерін қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ашық форматта өткен кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны мен еңбегінің өлшеусіз екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Осындай тағылымды кездесулер жас буынның бойында адамгершілік, жауапкершілік және туған елге адал қызмет ету сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.
Ернәсіл Рысқалиев,
Казталов ауданы