16.06.2026, 14:30
Оқылды: 15

Жаз басталды. Қайда демаламыз? Нені ескерген жөн?

Жаз мезгілі – халықтың саяхатқа шығып, табиғат аясында тынығатын, ел ішіндегі туристік бағыттарға қызығушылық артатын кезең. Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте туристік ин­фрақұрылымды жетілдіру, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану және демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Орал

Мемлекет басшысы елдегі туристік бағыттарды заман талабына сай дамыту, өңірлердің туристік мүмкіндігін толық пайдалану және халықтың қауіпсіз демалуына жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жұмыс қолға алынып, туристік маусымға дайындық мәселесі жан-жақты қарастырылып отыр.

Туризм – бүгінде тек демалыс саласы ғана емес, өңір экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан туристік әлеуетті арттыру жолындағы жұмысты инфрақұрылымдық жобалардан бастап қауіпсіздік

пен санитариялық талаптарға дейін кешенді түрде қарастырудың маңызы зор.

Туризм – өңір экономикасының жаңа мүмкіндігі

Өңір табиғи ландшафтары, тарихи орындары, мәдени мұрасы және экологиялық ерекшеліктері арқылы туристерді қызықтыра алатын өңірлердің қатарында. Жайық бойының табиғаты, Бөкей ордасының тарихы, Шалқар көлінің емдік қасиеті, Тақсай ханшайымы кешені, Ешкітау мен Құныскерей үңгірі секілді нысандар облыстың туристік картасында ерекше орын алады.

WhatsApp Image 2026-06-12 at 10.42.23 (2)

– Қазіргі уақытта облыс аумағында 104 орналастыру орны жұмыс істейді. Оларда 2500-ден астам жабдықталған бөлме бар. Сонымен бірге өңірде 6 туристік оператор мен 45 туристік агенттік қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіштер кейінгі жылдары туризм саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов (суретте).

Басқарма басшысы облыста ішкі туризмді дамыту мақсатында 24 туристік маршрут әзірленгенін де айтты. Олардың қатарында Бөкей ордасына экскурсиялар, Шыңғырлау ауданындағы джип-турлар, табиғи сарқырама бағыттары, Ешкітау секілді ерекше туристік нысандар бар. Бұл маршруттар туристердің қызығушылығын оятып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді.

Туризмнің табысты дамуы ең алдымен инфрақұрылымның сапасына байланысты екені айдан анық. Турист үшін табиғи көріністің әсемдігі ғана жеткіліксіз. Жолдың сапасы, санитариялық жағдай, қауіпсіздік, қызмет көрсету мәдениеті мен ақпараттық қолжетімділік те шешуші рөл атқарады. Сондықтан өңірде қолға алынған жобалардың басым бөлігі дәл осы мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Мемлекеттік қолдау нәтиже бере бастады

Туризм саласына инвестиция тарту және кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан түрлі қолдау тетіктері қарастырылған.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәліметке сенсек, өткен жылы санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстағаны үшін жеті кәсіпкерге жалпы көлемі 7 миллион теңге субсидия төленді. Бұдан бөлек туристік нысандар құрылысын жүзеге асырған екі кәсіпкердің 29 миллион теңгелік жобасы және жол бойындағы қонақүй салуға қажетті 116 миллион теңгелік өтінім мақұлданды. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында санитариялық-гигиеналық тораптарды субсидиялау бойынша екі өтінім мен қонақүй құрылысына қатысты бір жоба қолдау тапты.

Бұл көрсеткіштер мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестіктің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені туристік саланың дамуы тек мемлекеттік қаржыландырумен шектелмейді. Жеке инвестиция тарту арқылы ғана тұрақты туристік экожүйе қалыптастыруға болады. Сонымен қатар биыл мамыр айында Орал қаласында экскурсоводтар мен гидтерге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Оған 24 экскурсовод қатысып, кәсіби білімін жетілдірді. Бұл шаралар қызмет көрсету сапасын көтеруге және туристердің өңір туралы оң пікір қалыптастыруына ықпал етеді.

«Бір туристік нысан» жобасы

Қазіргі уақытта облыстың әр ауданында туристік әлеуетті арттыру мақсатында «Бір туристік нысан» жобасы  жүзеге  асырылуда.

– Жоба аясында Ақжайық ауданында «Жұбан ізімен» маршруты, Бәйтерек ауданында М. Шолохов мемориалдық музейі, Бөкей ордасы ауданында Хан ордасы тарихи-мәдени музей-қорығы, Жаңақала ауданында Мұқыр елді мекені, Казталов ауданында Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі, Сырым ауданында Жұмағазы хазірет кесенесі, Тасқала ауданында Ешкітау, Теректі ауданында Тақсай ханшайымы кешені, Шыңғырлау ауданында Сарқырама және Қаратөбе ауданында Құныскерей үңгірі туристік бағыт ретінде айқындалды, – дейді Бақдәулет Сәбитов.

Мұндай бастамалардың маңызы зор. Себебі туризм тек табиғат көріністерімен ғана өлшенбейді. Өңірдің тарихы, мәдениеті, тұлғалары мен археологиялық мұралары туристік бренд қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.

Шалқар көлін дамыту – стратегиялық бағыт

Облыстағы ең танымал туристік нысандардың бірі – Шалқар көлі. Минералдарға бай тұзды суы мен табиғи ерекшелігі арқылы танылған көл жыл сайын мыңдаған демалушыны қабылдайды. Сарапшылардың пікірінше, Шалқардың әлеуеті толық пайдаланылған жағдайда ол республикалық деңгейдегі туристік орталықтардың біріне айналуы мүмкін.

– Қазіргі уақытта 2026-2029 жылдарға арналған Шалқар көлін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленуде. Құжатта көл суының химиялық құрамын, Әлжан сор топырағының емдік қасиеттерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, су деңгейін сақтау және көбейту шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар көл жағалауындағы жер телімін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарауына беру рәсімі басталды, – деді Бақдәулет Маратұлы.

Жаз мезгілінде көл жағалауында 100-ден астам киіз үй тігіліп, келушілер саны тәулігіне мың адамға дейін жетеді деп болжануда. Осыған байланысты жағалау аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында бес санитариялық-гигиеналық торап, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар орнатылып, футбол және волейбол алаңдары салынады. Сондай-ақ мангал және барбекю аймақтары, аутотұрақтар мен қоқыс жәшіктері орналастырылады.

Ең маңыздысы – қауіпсіздік мәселесі. Бұл бағытта құтқару бекеттері қойылып, медицина қызметкерлері мен полиция өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылады.

Санитариялық талап – қауіпсіз туризмнің кепілі

Туризм дамыған сайын санитариялық қауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түседі. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева (суретте) атап өткендей, жағажайлар мен демалыс орындарының санитариялық талаптарға толық сәйкес болуы – тұрғындардың денсаулығын қорғаудың басты шарты.

Облыс аумағында су объектілерінде көпшілік демалуға арналған 34 орын белгіленген. Қазіргі уақытта олардың алтауы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, ресми қызмет көрсетуде.

WhatsApp Image 2026-06-12 at 10.42.24 (1)

– Санитариялық-эпидемио­логиялық қорытынды демалыс аймағының тазалығын, су сапасының талаптарға сәйкестігін, қалдықтарды шығару жүйесінің ұйымдастырылуын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын растайды, – дейді Гүлдана Қайыржанқызы.

Маман өз сөзінде тұрғындарға тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған жағажайларда демалуды ұсынады. Сонымен қатар аумақтың тазалығына, санитариялық тораптардың жағдайына, қоқыс жәшіктерінің жеткілікті болуына, балалар алаңдарының қауіпсіздігіне және тамақ өнімдерін сақтау талаптарына назар аудару қажеттігін ескертеді.

– Демалыс орнын таңдағанда әр азамат өзінің және жақындарының денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет деп есептеймін. Сондықтан ең алдымен суға түсуге ресми түрде рұқсат етілген әрі тиісті талаптарға сай жабдықталған жағажайларды таңдауға мән берген жөн. Сонымен қатар жағажай аумағында санитариялық талаптардың сақталуына, тазалықтың қамтамасыз етілуіне назар аударыңыз. Дәретханалар мен қоқыс жәшіктерінің жеткілікті болуы мен олардың таза ұсталуын, судың түсі мен иісінің қалыпты болуын, жағалау аумағында тұрмыстық қалдықтардың кездеспеуін басты назарда ұстау қажет. Жағажайларда сатылатын тамақ өнімдерін сақтау мен жарамдылық мерзімінің талапқа сай болуы да денсаулық қауіпсіздігі үшін аса маңызды, – деді Гүлдана Кереева.

Бұдан бөлек, қол жууға арналған орындардың немесе антисептик құралдарының болуына, балаларға арналған демалыс аймақтарының қауіпсіз ұйымдастырылуына  көңіл бөліп, жағажай аумағында жәндіктердің, кеміргіштер мен адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін жануарлардың болмауы да санитариялық қолайлы ортаның көрсеткіші екенін ескерген жөн.

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Жазғы демалыс кезеңінде өзекті мәселелердің бірі – судағы қауіпсіздік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, өңірде шомылу маусымына дайындық аясында 39 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар бекітілген.

WhatsApp Image 2026-06-12 at 10.42.23 (1)

– Қазіргі уақытта облыс бойынша 34 ресми жағажай жұмыс істейді. Оның 13-і – коммуналдық, 21-і – жеке меншіктегі нысандар. Су айдындарының түбі тексеріліп, тазартылып жатыр. Сонымен  қатар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсанов (суретте).

Бүгінде облыста 5 жабық және 34 модульдік қаңқалы бассейн жұмыс істейді. Бұл балалардың жүзу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Құтқару қызметтерінің дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта 81 құтқарушы, 26 жүзу құралы, 14 арнайы техника және 24 жиынтық сүңгуір жабдығы әзірленген. 20 мамырдан бастап қауіпті су айдындарында тұрақты патрульдеу ұйымдастырылып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде.

– Жыл басынан бері 300-ден астам рейд өткізіліп, төрт мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды. Қауіпті учаскелерге 387 тыйым салу белгісі мен 81 ақпараттық баннер орнатылды. Дегенмен қайғылы жағдайлардың негізгі себептері өзгермей отыр. Олар рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, алкогольдік ішімдік ішіп суға түсу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру. Осындай салғырттық салдарынан былтыр облыста жеті адам суға кетті. Оның біреуі – бала. Бұл статистика қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын тағы да айғақтайды, – дейді Бақытжан Мағзомұлы.

Демалыс мәдениеті қалыптасуы керек

Қазіргі таңда туризмді дамыту тек жаңа нысандар салумен немесе инфрақұрылым жақсартумен шектелмейді. Ең бастысы демалыс мәдениетін қалыптастыру қажет. Таза жағажай, қауіпсіз су айдыны, сапалы қызмет көрсету және санитариялық талаптардың сақталуы – туризмнің тұрақты дамуының негізгі көрсеткіштері. Бұл ретте мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпкерлердің және тұрғындардың жауапкершілігі маңызды.

Облыста қолға алынған жұмыстар – өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі қадамдардың бірі. Алдағы жылдары Шалқар көлін дамыту, жаңа туристік маршруттарды іске қосу және қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру өңірдің туристік тартымдылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.

Туризм – тек демалыс емес, ол өңірдің экономикасын дамытатын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және туған өлкенің тарихы мен мәдениетін танытатын маңызды сала. Сондықтан қауіпсіздік пен сапа мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс.

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале