Табиғат - адамзатқа берілген баға жетпес байлық. Сол байлықтың бірі - аудан орталығын кесіп өтетін Деркөл өзені. Жыл он екі ай бойы өңірдің ажарын ашып жатқан бұл өзеннің тұрғындарға тигізер пайдасы аз емес. Біреулер осы су арқылы бақшасын салса, енді бірі балығын аулайды. Одан бөлек, ол табиғи ортаның тепе-теңдігін сақтап қана қоймай, айналаға көрік беріп, елді мекеннің экологиялық ахуалына оң әсер етеді.

Алайда, «аузы күйген үріп ішеді»-демекші көктем мезгілі келгенде тұрғындардың алаңдаушылығы да арта түсетіні жасырын емес. Өйткені 2011 жылғы су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен тасқалалықтар оны жақсы түсінеді. Сол жылы қардың мол еруі мен су көлемінің көбеюінен өзен арнасы кей тұстарда суға тарлық етіп, тасқын қаупі жиілей түсті. Салдарынан біраз отбасы зардап шекті. Десекте аудан басшылығы одан кейін де біраз жұмыстарды қолға алып, арнайы су жүретін арықтар қазіп, кейбір қауіпті жерлерді биіктеткен болатын. Бұл әсіресе, көктемгі су тасқыны қаупі жоғары ауданымыз үшін әр көктем сайын өзекті мәселенің бірі болатын.
Осыны ескерген аудан әкімі Талғат Шакиров биыл Деркөл өзенін тазарту және тереңдету жұмыстарын қолға алды. Қазіргі таңда арнайы техникалар жұмылдырылып, өзен арнасындағы шөгінділер тазартылып, су өткізу мүмкіндігін арттыру бағытында жұмыстар басталды.

Аталмыш жұмысты бақылауда ұстап отырған аудан әкімінің орынбасары Руан Бисенғалиұлы дүйсенбі күні «жасыл көпір» аталып кеткен аумақта жүріп жатқан жұмыс барысын өз көзімен көріп қайтты. Осы жерде құрылыс басшысымен кездесіп, ақылдасып, алдағы жоспарды тағы бір рет пысықтап алды. «Көктемгі су тасқынының алдын алу - біздің басты міндетіміздің бірі. Сондықтан Деркөл өзенінің арнасын тазарту және тереңдету жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тасқын қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», - дейді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, қазіргі таңда өзен астына жиналған қоқыс қалдықтары арнайы техникалар арқылы сыртқа шығарылып, тазартылуда. Соның нәтижесінде кей жерлердегі бұлақ көздері де ашылуда.
Сапар барысында аталмыш жұмысқа жауапты маманды сөзге тарттық. Деркөл өзенін тазалау және кеңейту жұмыстарына республикалық бюджеттен 610 мил. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігер «СМУ-17» компаниясы жұмыстанып жатыр. Қолданыста 5 техника жұмыс істеуде. Тазалау ұзындығы 7 шақырым болса, соның ішінде 5,3 шақырымды тазалайтын боламыз. Өйткені ауданға кіре берістен бастап шыққанға дейінгі жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрап отыр. Оны біз осы жылдың соңына дейін тазалап бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ, кей жерлерде қиындықтар туындайтыны да жасырын емес. Бірақ, біз оны осы жердегі атқарушы билікпен келісе және кеңесе отырып шешетін боламыз. Себебі кей жерлерде көрсетілген белгі үйлерге тым жақын орналасқандықтан, ол жерлердің енін қысқартып, керісінше тереңдігін тереңдететін боламыз. Мұның барлығы да шешілетін мәселе - дейді өзен арнасын тазарту бойынша бекітілген құрылыс басшысы Алдияр Тәджібаев.

Шын мәнінде, өзенді күтіп ұстау - тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Өзен жағасына қоқыс тастау, табиғатқа немқұрайлы қарау оның экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Биыл Деркөлді тазалап алғаннан кейін, өзен бойына қоныстанған үй иелері осы мәселелерді назарға алып, суға артық қоқыс төкпеуін сұраймыз. Себебі, қыс мезілінде малдың науазы, тағы басқа заттарды өзенге лақтырып, көктемде су тасығанда ағып кетеді деген арам ойдан арылатын уақыт жетті. Осыдан кейін оны бізге ешкім тазалап бермейді. Сондықтан табиғи байлықты сақтау әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі болуы тиіс.
Айта кетейік, Деркөл - жай ғана су арнасы емес. Ол ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан табиғи мұра. Бүгін қолға алынған жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталса, ертеңгі күні өзеннің табиғи қалпын сақтауға қызмет етеді.
Табиғаттың қадірін білген халық қашанда ұтады. Сондықтан Деркөлдің тазалығы мен қауіпсіздігіне бүгіннен бастап жанашырлық таныту - болашақ алдындағы борышымыз екенін естен шығармайық ағайын.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы