Тасқала ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, 2026 жылы республикалық бюджет, мемлекеттік құнды қағаздар және облыстық бюджет қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйлерді сатып алу және салу бойынша жоспарлар әзірленді.
Ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар бұған дейін де табысты жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендерде салынған тұрғын үйлер пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде көптеген отбасы жаңа қонысқа ие болып, баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алды. Алдағы құрылыс жобалары - осы игі істің заңды жалғасы.
Биыл да жоспарға сәйкес, Айнабұлақ және Бірлік ауылдарында, сондай-ақ Мерей және Ақтау ауылдық округтерінде 2 бөлмелі үш пәтерлі және 3 бөлмелі екі пәтерлі тұрғын үйлер салу көзделіп отыр. Бұл баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға берілетін болады.

Сонымен қатар аудан орталығында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны көп болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар Тасқала ауылында да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, Атақоныс көшесі, №6А мекенжайында орналасқан екі қабатты 26 пәтерлі тұрғын үйдің жанындағы №6Б жер теліміне тағы екі қабатты 26 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде. Сейсенбі күні аудан әкімі Талғат Шакиров аталмыш нысанда болып, құрылыс жұмысының жай-күйімен танысты. Енді жақын арада аудан орталығының өзінде екі қабатты 26 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.
Ия, баспана - әр адамның өміріндегі ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Сондықтан әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жобалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және ауданның одан әрі дамуына оң ықпал етпек.
Н.Жәрдемова
Тасқала ауданы