17.06.2026, 17:30
Оқылды: 6

Жайлы бекет, өрісті өндіріс

Ауданымызға іс сапармен келген облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ринад Мұсағалиев бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық нысандардың ашылуына қатысты. Сапар аясында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін мүлт жібермей, бір мезетте халыққа қызмет ететін үш бірдей маңызды нысанды іске қосқан кәсіпкер Қуаныш Сапаровтың жобалары таныстырылды.
ded86e2e-94c8-472a-9dd1-ada947561657
Жұмыс сапарының алғашқы нүктесі ретінде облыстан келген қонақтар бағаны тұрақтандыру және жолаушылар тасымалын жүйелеу мақсатында ашылған заманауи үлгідегі жаңа аутобекеттің салтанатты лентасын қиды.
Бұл нысан Орал қаласына қатынайтын жолаушылар үшін өте қолайлы жағдайда жабдықталған. Аутобекетте тұрғындардың аутобус күтуіне арналған жайлы зал, билет кассасы, сондай-ақ ыстық бәліштер мен ауқаттану орны қарастырылған. Қазіргі таңда бағытқа 20 кісілік 2 жаңа шағын аутобус шықты. Олар күніне шамамен 100-ге жуық адамды тасымалдап, тұрғындардың қауіпсіз әрі тиімді қатынауын қамтамасыз етеді.
 Келесі кезекте жұмысшы топ кәсіпкер Қуаныш Сапаровтың «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алған екінші ауқымды жобасы — жаңа өндіріс бағытымен және мал сою пунктімен танысты. Аудан экономикасының серпінді дамуына үлес қосатын бұл кәсіпорында халал жартылай фабрикаттар өндірісі жолға қойылып, жақын арада заманауи шұжық цехы іске қосылмақ.
Кәсіпорын маусымдық ерекшелікке сай жазда 30 адамды, ал қыс мезгілінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.
Мұнда ірі қара мен ұсақ малды бөлек орындарда соятын арнайы бөлмелер бар. Тұрғындар өз малдарын осы жерге тікелей тапсыра алады. Кешенде мал сойып беру, етті арнайы кесіп-бөлшектеу қызметтері көрсетіледі. Өнімді ұзақ әрі таза сақтау үшін заманауи вакуумдау аппараттары орнатылған. Жолаушылар немесе тұрғындар етті вакуумға салдырып, ыңғайлы күйде алып кете алады.
Сапардың үшінші нүктесі ретінде жаңадан бой көтерген заманауи ет дүкенінің ашылуы өтті. Бұл сауда орны кәсіпкердің өз өнімдерін тұрғындарға делдалсыз, тікелей ұсынатын негізгі орталығы болмақ.
5413eeab-b8ee-424f-bc0d-801ca41bb456
Дүкен сөрелеріне күнделікті балғын ет өнімдерімен қатар, жоғарыда аталған цехта дайындалған халал жартылай фабрикаттар (полуфабрикаттар) да шығарылды. Бұл қадам ауыл халқын сапалы, таза әрі қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет қолдауымен ашылған бұл нысандар аудан экономикасының дамуына, жергілікті кәсіпкерліктің нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына үлкен үлес қосары сөзсіз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы халыққа қызмет көрсететін осындай орындар ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау әзір.
Айгерім Төлепова
Жаңақала
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале