17.06.2026, 17:30
Оқылды: 6

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы табиғатты қорғау полициясымен бір күн

Қоршаған ортаны қорғау бүгінде мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Батыс Қазақстан облысында бұл бағыттағы жұмыстарға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері елеулі үлес қосуда. Олар күн сайын табиғи ресурстарды қорғауға, экологиялық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Бұл жұмыстардың маңызы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында одан әрі арта түсуде.

f514c133-2e69-400c-911b-189456ce0b96

Экологиялық рейдтің бір күні табиғатты қорғау полициясының қызметі қаншалықты ауқымды әрі жан-жақты екенін айқын көрсетеді. Мобильді топтардың құрамына полиция қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, орман шаруашылығы мен балық қорғау қызметтерінің мамандары, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері кіреді. Олардың ортақ мақсаты – экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.

Рейд бағыттары су айдындарын, орман алқаптарын, аңшылық шаруашылықтарды, қоғамдық орындар мен тұрғындардың демалыс аймақтарын қамтиды. Тексеру барысында заңсыз аңшылық, браконьерлік, балықты заңсыз аулау, қоршаған ортаны ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталады.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментімен 2026 жылдың бес айында өңірде қоршаған ортаны қорғау саласында 11 қылмыс анықталған. Оның ішінде екі заңсыз аңшылық фактісі, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын заңсыз аулаудың бес дерегі, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерінің заңсыз айналымына қатысты бір факт, сондай-ақ табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану және қылмыстық жолмен алынған мүлікті өткізуге байланысты үш қылмыс тіркелген.
Есепті кезеңде 378 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 213-і аңшылық қағидаларын бұзуға, ал 165-і балық аулау қағидаларын бұзуға қатысты.

a0d7d0ee-192a-4fd9-a398-7e8ddb3b7db9

Профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Рейдтер барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы еске салады және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға шақырады.
Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыруға ерекше назар аударылуда. Акция аясында облыс аумағында 67 мобильді топ құрылып, олар тұрақты негізде абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылап, қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтауда.

Акция басталғалы бері өңірде 27 127 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі қоғамдық орындарды ластаумен, абаттандыру қағидаларын бұзумен және заңсыз сауда жасаумен байланысты.
Тек Орал қаласының өзінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өкілдерімен бірлесіп 30-дан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, ПИК төрағаларымен, кәсіпкерлермен және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын ұйымдардың басшыларымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

1318f7fe-4440-4a78-9e5b-0d12d7e8f8bd

Қабылданған шаралардың нақты нәтижелері де бар. Облыс орталығында 30 стихиялық қоқыс үйіндісі толықтай жойылып, коммуналдық қызметтермен бірлесіп абаттандыру қағидаларын бұзушылықтарды жою бойынша 945 нұсқама берілді. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 1614 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, заңсыз сауданың 515 фактісі анықталды және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 121 азамат жауапқа тартылды.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғатқа зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда және ерекше бақылауда тұр. Табиғатты қорғау полициясының басты мақсаты – құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, қоғамда заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайту.

«Таза Қазақстан» акциясы өңірдің тазалығы мен көркеюі мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігеріне байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Табиғатты қорғау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Сондықтан қоршаған ортаны сақтау жолындағы әрбір игі іс болашақ ұрпақ үшін экологиялық қауіпсіз әрі таза Қазақстанды қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болып табылады.

БҚО Полиция департаменті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале