17.06.2026, 20:00
Оқылды: 52

Бас жүлде – 100 мың доллар: жаңа республикалық әдеби байқау жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқаудың басталғанын жариялады.

jessbaileydesign-book-bindings-3176776_1920

Фото: pixabay.com

Проза жанрына арналған бұл жоба қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін, адам тағдыры мен заманауи құндылықтарды көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтауды мақсат етеді. Байқауға еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Шарт бойынша қатысушылардан бұрын еш жерде жарияланбаған, көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ (шамамен 400 мың баспа таңбасы) болатын романдар қабылданады. Әр автор тек бір ғана туындысын ұсынуға құқылы. Үздіктерді белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы ашық дауыс беру арқылы анықтайды.

Жобаның жүлде қоры өте қомақты. Байқау қорытындысында бас жүлде иегеріне 100 мың АҚШ доллары табысталады. Сондай-ақ І орынға 75 мың, ІІ орынға 50 мың және ІІІ орынға 30 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы белгіленген. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, олардың жүлделі туындылары 15 мың данамен басылып шығады да, еліміздің кітапханаларына тегін таратылады. Байқау жұмыстары 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. Үміткерлер өз шығармаларын Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8 (14-кіреберіс) мекенжайында орналасқан Мәдениет және ақпарат министрлігіне өткізуі тиіс. Қосымша ақпаратты +7 (7172) 74-04-07 және 74-04-08 телефондары арқылы білуге болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале