17.06.2026, 22:30
Оқылды: 10

Шекара қауіпсіздігі: Қазталовтың бірнеше ауылына бейнекамера орнатылады

Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің төрағалығымен өткен жиынға Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының басшылығы, шекара бөлімшелерінің командирлері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

image-17-06-26-10-21

Басқосуда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының Казталов ауданы аумағындағы учаскесін қорғауды күшейту және шекара маңындағы қауіпсіздікті арттырудың өзекті бағыттары кеңінен қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі мемлекеттік шекараға жақын орналасқан Болашақ, Қайыңды, Аққурай, Қошанкөл, Қазталов, Қараоба және Беспішен елді мекендеріне заманауи бейнебақылау камераларын орнату болды. Шекараны күзету бөлімінің бастығы Мақсат Уразов бұл цифрлық жүйелердің шекара маңындағы заңсыздықтар мен құқықбұзушылықтардың алдын алудағы тиімділігін атап өтті. Сайып келгенде бұл қадам шекаралық аймақтарды жедел бақылауда ұстауға мүмкіндік бермек.

image-17-06-26-10-21-1

Сондай-ақ кеңесте «Бақылау бекеті» шекара нарядының қызметін сапалы ұйымдастыру үшін оларды ауыспалы шлагбаумдармен қамтамасыз ету және қозғалыс жылдамдығын реттейтін арнайы жол белгілерін орнату мәселесі сөз болды. Бұл шаралар шекаралық бақылауды нығайтумен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін реттеуге де септігін тигізеді.

image-17-06-26-10-21-3

Жиын қорытындысында Болашақ, Қайыңды, Қошанкөл, Қазталов, Қараоба және Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімдері өз аумақтарындағы ахуалды баяндап, мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар бекітілді.

Бекарыс Әбіш,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале