Тайпақ өңірінде ауыл тұрғыны шенді қызметкерді соққыға жығып, полицейлер жедел түрде оқиға болған ауылға аттанды. Түскен хабар бойынша жәбірленуші із-түзсіз жоғалған. Алғашқы міндет – оны тауып алу.

Наурыз айы. Жайықтың мұзының бетімен қызыл су жүріп жатыр. Өзеннен өту қауіпті. Бірақ қылмыстың құрамы ауыр болуы мүмкін. Адам тағдыры таразыға түскен сәтте кідіріп тұруға болмайды.
Полицияның «УАЗ» автокөлігі өзен үстімен өтуге бел буды. Түн қараңғысында мұз аралас суды кешіп келе жатқан көліктегі төрт полицейдің бірі – тергеуші Жарас Уәлиахметов еді.
Жарас Нәсиполлаұлы 1988 жылы Сырым ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген.
Әкесі Нәсиполла – өңірге белгілі жылқышы.
Мектепті тәмамдаған соң әскер қатарына шақырылып, Жамбыл облысындағы Отар станциясында орналасқан 88796 әскери бөлімінде «Ракета әскері және артиллерия» құрамында азаматтық борышын өтеді.
2010 жылы Атырау қаласындағы 31707 әскери бөлімге жедел кезекшінің аға көмекшісі болып қабылданды. Бұл бөлім әуе қорғанысын қамтамасыз етеді. Жарас ерте ескертуге арналған П-18 радиолокациялық станциясында қызмет атқарды. Екі координатты бұл станция әуе нысандарын 250 шақырым қашықтықтан анықтай алады.
2014 жылы ішкі істер органдарына ауысып, Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы болды. Ал 2018 жылы Қазталов аудандық полиция бөліміне тергеуші болып тағайындалды.
– Неліктен тергеу саласын таңдадыңыз? – деген сауалға ол:
– Өзімді дамыту үшін. Полицейге жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін сергек түйсік қажет. Бұл қасиет тергеушілерге ерекше тән. Сондықтан осы саланы таңдадым, – дейді.
Әңгімесін жалғастырып:
– Тергеуші қылмысқа құқықтық баға береді. Қылмыскердің ойлау жүйесін түсінуге тырысасың. Ашылмаған қылмыс – шешілмеген жұмбақ секілді.
Дәлелдемелерді жинайсың, куәлардан жауап аласың, қажет болған жағдайда сараптамалар тағайындайсың. Қылмысты саралап, істі толық әзірлеп, сотқа жолдайсың, – деп қызметінің қыр-сырына тоқталды.
Жарас өзін қызмет барысында талай мәрте шыңдаған маман. Қазталовтан қайтадан Тайпаққа ауысқан кездегі әлгі көктемгі оқиға соның бір дәлелі еді.
Кейін белгілі болғандай, соққыға жығылған азамат ауыр халде табылып, ақыры көз жұмған. Полицейлер қылмысқа күдікті бұрын сотталған азаматты көп ұзамай қолға түсірді.
Жарас Нәсиполлаұлы кейін Орал қаласында қызмет атқарып, 2022 жылдың желтоқсанында туған жері – Сырым ауданына оралды.
– Адам бар жерде қылмыс та болады. Ең қиыны – кәмелетке толмағандардың қылмысы. Жасөспірімнің тағдырын, ата-анасының көңіл күйін ойлайсың. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ.
Қазақстан заңнамасына сәйкес азаматтар аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан, ал өзге ауыр қылмыстар үшін 16 жастан жауапкершілікке тартылады. Балаларды қатыгездікке емес, мейірімге тәрбиелейік, – дейді полиция майоры Жарас Уәлиахметов.
Жарастың өзі де жары Ақтотымен бірге бес перзент тәрбиелеп отыр.
Сырым аудандық полиция бөліміндегі №15 кабинетте қағазға үңіліп отырғаны да, ауыл мен қырды аралап жүргені де, полиция, прокуратура мен сот арасында сабылып жүргені де – қызмет талабы. Ал күн соңында шаршап үйіне оралғанда оны ең қымбат марапат – балаларының шат күлкісі қарсы алады.
Бауыржан Ширмединұлы,
“Сырым елі”