18.06.2026, 10:00
Оқылды: 20

Джеки Чанның қатысуымен шығатын жаңа фильм Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытпақ

Маңғыстау облысында Джеки Чанның қатысуымен «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» атты халықаралық киножобаның түсірілім жұмыстары басталды. Жобаны отандық екі кинокомпания – Sәlem Entertainment пен Dala Edge Creative Tech Park бірлесе жүзеге асыруда. Бұл бастама отандық киноиндустрияны дамытуға және ірі халықаралық жобаларды тартуға белсенді ықпал етіп отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен мүмкін болды. Өз кезегінде, өңірдегі түсірілім процесіне Маңғыстау облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлаған.

_gluster_2026_6_17_546e028fe51c34083374b53eef3d7213_1280x720

Шығармашылық топ 7-12 маусым аралығында жұмыстың алғашқы кезеңін өткізіп, аймақтың қайталанбас табиғи көріністерін таспаға басты. Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы. Түсірілім жұмыстарын бастамас бұрын ауқымды дайындық жүргізілді: 2025 жылы өңірдегі қолайлы табиғи локацияларды іріктеу шаралары өткізілді. Кинотуындының әлемдік премьерасы 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.

_gluster_2026_6_17_264d58788c3277536e67b733d14a0760_1280x720

Табиғи нысандарды танымал кинофраншизаларға интеграциялау – кинотуризмді дамытудың танымал құралы. БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) мәліметінше, сәтті шыққан фильмдер түсірілген өңірлерде туристер ағыны орта есеппен 25-40% аралығында өседі. Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Хорватия, Оңтүстік Корея, Таиланд және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі кинодағы танымал пейзаждар түсірілім орындарына арнайы келетін шетелдік саяхатшылардың тұрақты әрі ұзақмерзімді ағынын қамтамасыз ететінін дәлелдеп отыр.

Фильмнің халықаралық нарыққа шығуы Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға жаңа серпін береді. Маңғыстаудың бірегей локацияларын үлкен экрандардан көрсету миллиондаған шетелдік көрерменді еліміздің табиғи нысандарымен таныстыруға жол ашады. Бұл аймақтың жаһандық нарықтағы танымалдылығын арттырып, Қазақстанның тартымды туристік бағыт ретіндегі халықаралық имиджін нығайта түседі.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале