Жаңақала аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған «Дәрігер – жүрек жылуының иесі» атты салтанатты мерекелік концерт өтті.

Аймақтың денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлерінің басын қосқан кеште ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, олардың ерен еңбегі ерекше аталды. Шарада сөз алған Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев дәрігерлердің халық алдындағы жанкешті қызметіне жоғары баға беріп, мереке аясында Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудан әкімінің және «SENIM» кәсіподағының марапаттарын табыс етті. Сонымен қатар аудандық аурухана басшысы Дәурен Көкенов пен Ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығының директоры Жәнібек Успанов бірқатар қызметкерді алғысхаттармен ынталандырды.
Салтанатты жиында кәсіби шеберлігімен дараланған жыл үздіктері анықталып, Фариза Дүйсенғалиева «Үздік дәрігер», Жадыра Есқазиева «Үздік мейіргер», Әсел Есімова «Үздік фельдшер», Гульфия Имашева «Үздік акушер», ал Айдана Ақбасова «Үздік лаборант» аталымын иеленді.

Мерекелік басқосуда Жаңақала ауданының денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктері де сөз болды. Мәселен, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында аудан бойынша бес бірдей жаңа медициналық нысанның құрылысы аяқталып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ғимараттар ел игілігіне берілді. Бұған қоса аудандық аурухананың автопаркі жаңарып, бар иелігіндегі 16 жедел жәрдем көлігінің төртеуі өткен жылы жаңасына ауыстырылды. Бұл ауылдық округтердің басым бөлігін жедел көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіруде Жаңақала ауданындағы Ауданаралық сауықтыру ауруханасы-оңалту орталығының да еңбегі зор. Аталған орталық ашылғалы бері 30 мыңнан астам адамға сапалы көмек көрсетіп үлгерген.
Салтанатты кеш аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының әсем әндерімен өрнектеліп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы