22.06.2026, 10:00
Оқылды: 28

Гидрогеологтардың тынысы неге тарылды?

Геологтардың  да, гидрогеологтардың  да ел экономикасын дамытуға  қосатын  үлесі  аз  емес.  «Жайықгидрогеология» ЖШС  қызметінің  негізгі  бағыты  –  ауыз  су, техникалық  және  ауыл  шаруашылығы  мақсатында  жер  асты  суы  мен  жергілікті  құрылыс  материалдарының  қорларын  іздеу,  барлау,  бекіту. Мемлекеттік  тапсырыстар  негізінде  іздеубарлау  жұмысының  негізі  саналатын  гидрогеологиялық  және  инженерлік-геологиялық карталар жасайды. 

aa607eb5-17d1-44e6-afea-bddc9f467428

Соңғы жылдары «Жайықгидрогеология» серіктестігі кеңес заманында зерттелген  жер ас-ты су  кен орын-дарының қорын қайта бағалау жұмысын жүргізді. Орал су кен орны, Жаңақала ауданындағы Құлшық жер асты су қоры тағы да зерттелінді. Облыс орталығының басым  бөлігін  таза сумен қамтып отырған Орал жер асты су қорының  қайта бағалануының маңыздылығын атап көрсеткен жөн. Ал Құлшық кен орнының су қоры 30 жылға жететіні дәлелденді. Осындай зерттеулердің нәтижесінде Көшім су арнасынан су ішіп отырған Жаңақала ауданының орталығы мен он шақты елді мекен тұрғындары су құбырынан таза су тұтынуға көшті.  Алдында тағы он ауылды су құбырына қосу үшін су қорын зерттеуге ұсыныс айтылған.  Бірақ жергілікті бюджеттен қаржыландыру  жайы  төмен  болды.

– Бұдан  екі-үш жыл  бұрын облыс аумағындағы жер асты су кен орындары картасын жасадық. Осы картамен жете танысқан өңір басшысы  Нариман Төреғалиев гидрогеологтарды  қолдады, тиісті қаржы-қаражат бөлінді. Искровский деген су кен орнын зерттеп, қорын бекіттік. Бұл кен орны кеңестік заманда қазылған-ды. Оның суын тек Ұялы ауылының тұрғындары ғана пайдаланады. Қоры мол кен орнынан Жалпақталға және Казталов ауданының орталығына, оған қоса сегіз елді мекенге су құбырын тарту жоспарланды. Осы аталған ауылдар бұрынғы екі су ұңғымасынан ауыз су алатын. Бірақ уақыт өте келе ұңғыманың суы ащы болып барады. Сондықтан топтық су құбырларына көшкен тиімді. Кеңестік заманда топтық су құбырлары болды. Онда бір кен орнынан бірнеше ауылды сумен қамтитын құбыр жүргізілетін. Бөкей ордасы, Тасқала, Қаратөбе аудандарында топтық су құбырлары әлі бар. Орал жер асты су қорының арғы жағында Январцев кен орны бар. Ол шаһарды сумен қамтудың қосымша резерві етіп бекітілді.  Теректі ауданы аумағында Тоқбай, Еңбек деген су кен орындары анықталған. Жайықтың бұқар бетінде су тапшы.  Әлі күнге суды көлікпен тасып, ішіп отырған Ақжайық ауданының тұрғындарын таза сумен қамту өзекті. Еңбек кен орнының су қоры кеңестік заманда бекітілген. Соны қайтадан зерттеп, осы кен орнынан суды Шалқарға дейін және Ақжайық ауданының сусыз ауылдарына тартуға болады. Бірақ әзірге қолымыз кесіліп отыр, – деді «Жайықгидрогеология» ЖШС-ның бас директоры Жанат Тайкенов (суретте) бізбен  әңгімесінде.

600 млн теңгенің жобалары тасада  қалды

Бас директордың сөзінше, жер үсті суын гидрологтар, жер асты суын гидрогеологтар зерттейді. Өткен жылдан бастап жер асты суын зерттеу, барлау жұмысына тапсырыс беру жергілікті атқару құрылымдарының құзырынан алынды. Мұндай  міндет-миссия  елімізде жаңадан құрылған «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес  акционерлік қоғамына жүктелді. «Ұлттық гидрогеологиялық қызмет» компаниясы Су ресурстары және ирригация министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне енген. Министрліктің ұсынысына сәйкес «Ұлттық гидрогеологиялық қызмет» жер асты суын басқару, іздестіру-барлау жұмысы және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие. Жер асты суын ұтымды пайдалану  мәселесін  бақылайды.

fb48c25d-c239-4133-97e9-fd1c5c7242c1

Қош делік, алайда жаңа компания жергілікті «Жайықгидрогеология» мекемесінің ұзақ жылғы тәжірибесін ескермей, елемей отыр. Мысалы, екі жыл бұрын гидрогеологтар Теректі ауданы аумағындағы Еңбек, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай, Шыңғырлау ауданындағы Баянас деген су көздері қорын анықтады. «Жайықгидрогеология» мекемесі сол кен орны маңындағы ауылдарға су ұңғымасын қазу бағытындағы (600 млн теңгеге) төрт жобаны ұтып алды. Қазіргі кезде «Қазгидрогеология» компаниясы «Жайықгидрогеология» серіктестігінің ұтқан осы тендерлерінің күшін жойды. «Біз осы өңірде 73 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан байырғы кәсіпорынбыз. Облыс аумағындағы су көздерін жақсы білеміз. Өзіміз зерттегенбіз. Бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Енді мына төрт жоба тасада қалып қойды. Үшінші жылға аяқ басты, жобалар жоба күйінде  қағазда қалды», – дейді  Жанат Мархабатұлы.

Көзден бұлбұл ұшқан мониторинг

«Жайықгидрогеология» мекемесі қызметінің тағы бір саласы – жер асты суына мемлекеттік мониторинг жүргізу. Өңір аумағындағы 228 ұңғыманы қамтитын 19 бекетте (постта) жер асты суының деңгейіне, судың химиялық құрамына бақылау жасалады. Жер асты суының ірі кен орындарына жақын санитарлық қорғау аймақтары қадағаланады. Мониторинг кен орындарын пайдалануды,  жер асты су қорының мерзімінен бұрын таусылмауын және ластануын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Ұңғымалардың  қасында қауіпсіздікті бақылайтын бекеттер Орал су кен орнының, Шалқар көлі қасына қойылған. Жаңақала, Чапаев жағында да бақылау бекеттері бар. Мемлекеттік мониторинг жасауды аталған кәсіпорын іргесі қаланғаннан бергі 73 жыл бойына жүргізіп келді. Кәсіпорынның су сапасын қарайтын арнайы жабдықталған зертханасы жұмыс істейді.

– Бұдан екі-үш жыл бұрын мониторинг жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурстарына аты бар, заты жоқ ұсақ компаниялар қатысты. Олар 80 млн теңгенің тендерін 50-60%-ға дейін арзандатып, демпинг арқылы конкурста жеңімпаз атанды. Ал шын мәнінде  80 млн  теңгенің жұмысын  40 млн  теңгеге алу біздің  компанияға тиімсіз. Енді «Қазгидрогеология» компаниясы мониторинг, яғни бақылау бекеттерінің жұмысын конкурсқа шығармай, өздері жүргізетінін айтып отыр. Тендерді ұтып алып, бақылау жүргізбеген шағын компания-ларды қосалқы мердігер қылып алған. Жоғарыдағылар соңғы су тасқыны кезінде өңірдегі су көздеріндегі судың сапасына қатысты ақпаратты біздің мекемеден сұратты. Мониторинг жұмысын біздің мекеме жүргізген жоқ, ондай ақпаратты қайдан аламыз? 2020 жылға дейін талдау жүргіздік, оның барлық ақпараты сақтаулы. Мұндай жағдайды маман ретінде дұрыс болды дей алмаймын. Өйткені Қазақстан үшін жер асты суы елді мекендерді ауыз сумен қамтудың негізгі көзі әрі жер асты су көзінің деңгейін, судың химиялық құрамын, пайдалану жағын үнемі бақылауда ұстау қажет, – деді Жанат  Тайкенов.

Иә, бұл да су ресурстарын, ормандарды, балықты, жануарлар мен өсімдік әлемін қорғау сықылды экономиканың және табиғат пайдаланудың маңызды саласы. Сондықтан жер асты суын мониторингтеу жұмыстарына атүсті қарауға болмайды. Түптеп келгенде бұл – халықтың денсаулығына әсерін тигізетін мәселе. Сондықтан «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мәселені елеп, ескерсе  дейміз.

Құдық қазғандарға субсидия берілсе...

Ақ Жайық өңірінің аумағы Каспий маңы ойпатында орналасқан. Гидрогеологтар жер асты су көздерінің 30-70 метр тереңдікте кездесетінін айтады. Одан төмен қабатта шыққан су  өте  ащы  көрінеді.

– Адам тұтынатын судың 1 литрінде 1 граммға дейін, мал ішетін судың литрінде 6-7 грамм тұз болуы керек. Ал анадай терең қабаттағы судың литрінде әдетте 60-70 грамм шамасында тұз болады. Ондай су адам ағзасына зиян. Жер қыртысының жоғарғы қабатында тұщы су қоры өте аз деңгейде жиналады. Жер асты суы жауыншашыннан, жаңбырдан қоректенеді. Сондықтан судың өнімділігі шамалы. Оны шағын диаметрлі тұрбамен алу қиын. Сондықтан үлкен шахталы құдық қазатын станок сатып алдық. Бұрынғы аталарымыз шеген құдық деуші еді ғой. Күрекпен қазып, жан-жағын ағашпен өріп, шегендеп тастайтын. Сондай құдықты 10 метр тереңдікте қазып, ішіне темірбетонды құрылымды салып, астына қиыршық тас төсейміз. Қиыршық тас, темірбетонды сақиналы құрылымды сатып алып, 600 шақырым жердегі ауылдарға барып, құдық салу арзанға шықпайды. Қазіргі кезде бір құдықтың бағасы 3 млн теңге шамасында. Кей ауылдарда су көзі жоқ. Кеңестік заманда су көзін іздеп қазған картамыз да және соңғы зерттеу нәтижелеріміз де бар.

494ffce0-fe8c-4e19-961b-3793dfe8fac9

Өңір нарығында құдық қазатын жеке меншік ұсақ компаниялар баршылық. Олар су шықса да, су шықпаса да ақша сұрайды. Ал су шықпаған жағдайда төлеген  қаржыңыз  текке  кетеді, – деді Жанат  Тайкенов.

Былтыр кәсіпорын 100 шақты шаруашылыққа құдық қазу қызметін көрсетті. Бұрын мемлекет шаруа қожалықтарына құдық қазуға әр метріне 50 мың теңгеден субсидия беретін. Қазір олай емес. Кей қожалықтар демеуқаржыны молырақ алу үшін су шыққан 10 метрді 100 метр деп көрсетіп, жалған құжат жасатқаны прокуратура тексерісінде анықталды. Содан кейін демеуқаржы төлеу тоқтатылды. Алайда мал шаруашылығын дамытуға су қажет екені белгілі. Жайықтың бұқар беті, бұрынғы Тайпақ  ауданы аумағының жері шөлді аймаққа жатады. Әрі жері сор. Сондықтан ол жақтан  құдық қазу оңайға түспейді. Бір сөзбен айтсақ, шаруашылықтарға құдық қазу шығындарын өтеуге мемлекеттің көмек-қолдауы керек.

Компания қолдау күтеді...

Бұл кәсіпорын өңірдегі судың қорын зерттеп, бекітіп қана қоймайды, сонымен қатар саз, құм, құрылыс материалдары (қиыршық тас) қорын зерттейді. Құрылыс материалдарын өндіретін компанияларға лицензия алуға көмектеседі. Бірақ бұл бағытта тапсырыстар аздау. Құдық қазудан да мол табыс түспейді. Серіктестікте 80 адам жұмыс істейді. Өңірімізде «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру (2004-2024 жылдары) барысында далалық жұмыстардың басы-қасында жүрген Жанат Тайкенов  геологтар Елена Тодираштың, Миржан Шағыровтың, гидрогеологтар Төлеген Құсайыновтың өнегесі жас буынға жұғысты болса екен дейді. Соңғы кездері жас мамандар жергілікті Жәңгір хан атындағы  БҚАТУ-дан  (ЖОО-да геолог мамандығына оқытады) келіп, ұжымға қосылуда.

de3f91de-782e-454b-ada8-0ef3a64874bc

Қазір кәсіпорынның жағдайы әнебір айтарлықтай емес. Бас директор өткен айдағы жұмысшылар жалақысын төлеуге екінші деңгейдегі банктен несие алғанын тілге тиек етті. Кәсіпорын жағдайымыз жоқ деп қол қусырып отырған жоқ. Мысалға, Бәйтерек ауданында метанол өндіретін зауыт салынбақшы. Сол өндіріске техникалық су қажет. «Жайықгидрогеология» мекемесі 10-12 ұңғыма қазып, су көзін іздестіруді бастады. Осындай үлкен келісімшарттар болмаса, іргелі кәсіпорынның тірлігі «қысқа жіп күрмеуге келмейдінің» кебін кие береді. Қарашығанақ кен орнынан газ өңдейтін зауыт салынады делінді. «ҚазМұнайГаз» компаниясынан өкілдері су көзін іздестіруге жергілікті кәсіпорынды   тартпақшы болды. Алайда ол жоба басталмай жатып, жөргегінде тұншықты. Биыл «Қазгеология» төрт нысанға жоба жасалатынын хабарлады. Бірақ ол да конкурсқа шығарылады. Оған еліміздің барлық өңірінен гидрогеологиялық компаниялар  қатысады.

a69dcf30-b394-43db-91be-bfabc1e1f5cb

Жанат Тайкенов қаңтар айынан бері ұжымын шашыратпай, ұстап отыр. Осылайша гидрогеологтар тынысы тарыла  бастады.

Алдағы айда не болатынын  кім  білген...

P.S.

Облыстық газет ешкімнің мүддесін көздеп, сөзін сөйлеп отырған жоқ. Әрине, қазіргі кезде су көздерін іздестіру және барлау жұмыстарының бәсекелестік ортаға шығарылуы құптарлық. Ондай жұмыстарға қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсына еліміздегі осы саладағы үлкенді-кішілі компаниялардың қатысары хақ. Алайда кейбір компаниялардың  қағаз жүзінде барлығы керемет, бірақ іс жүзінде басқа өңірге тендерден ұтып алған жұмысын атқаруға портфелінен басқа ештеңесін әкелмейтініне, қосалқы мердігерлікке көлденең көк аттыны жалдайтынына көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан өңірде өзіндік қолтаңбасы бар, әлеуетті жергілікті компанияға басымдық  берген  дұрыс  деп  ойлаймыз.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале