19.06.2026, 12:45
Оқылды: 19

Жанымызға жанашыр жандар мерекесі

Оралда Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Денсаулық сақтау саласындағы  жетістіктерді  баяндаған  бейнежазбадан соң  жиын  ақжарма  тілектер  мен  марапаттарға ұласты. 

DSC03505 123

Ұлт саулығының сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев олардың отандық медицинаны дамытуға зор үлес қосып жүргенін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада ақ желеңді абзал жандармен жүздесіп, сала қызметкерлерінің ұлт саулығын сақтау және нығайту жолындағы орасан зор еңбегі үшін алғыс айтты. Президент: «Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. Медицина қызметкерлері бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық», – деп сала мамандарына жоғары баға берді. Бүгінде өңірдің денсаулық сақтау саласында 8,5 мың  адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі құрметке лайық. Маңызды саладағы кадр тапшылығы мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Менің бастамаммен облысқа келетін, әсіресе ауылдық жерлерде еңбекке араласатын ақ желеңділерді әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді. Нәтижесінде 2023 жылдан бері өңірге 461 дәрігер келіп, оның ішінде 246 маман ауылдық жерлерге жіберілді. 95 қызметтік тұрғын үй берілді. Осы кезеңде 360 маманға жалпы сомасы 1,8 млрд теңге біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде ауылға барғандарға 8,5 млн теңге, қалада жұмыс істейтіндерге 5 млн теңгеден берілді. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен медицина мамандықтары үшін тұрақты түрде грант бөлінеді, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Аймақ басшысы айтып өткендей, Президенттің тікелей тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында елді мекендерде 50 медициналық нысан салынды. 2023-2025 жылдар аралығында 37 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ материалдық-техникалық база нығайып, 3 млрд теңгеге  136 санитариялық аутокөлік  және 13,3 млрд теңгеге 1259 бірлік медициналық жабдық  сатып алынған. Ал биыл лизингке жалпы құны 2 млрд теңгеге 30-ға жуық «Жедел жәрдем» көлігін сатып алу  жоспарланып отыр. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы есебінен 1181 медициналық   жабдық сатып алу үшін 25,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін 4 млрд теңгеге 236 медициналық жабдық жеткізілді. Қазіргі таңда Бөрлі және Казталов аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалардың құрылысы жүріп жатыр. Қос жобаға 9,9 млрд теңге қаржы бөлінді.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Ұлттық даму жоспарында айқындалған бағдарлы көрсеткіштің бірі – 2029 жылға дейін орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Биыл облыс тұрғындарының арасында ана өлімі тіркелмеген, ал нәресте өлімі 38,2 пайызға төмендеді. Өңір басшысы бұл – оң динамика, яғни сала мамандарының кәсіби деңгейінің артуы, медициналық көмек сапасының жүйелі түрде жақсаруының нақты нәтижесі деп атап өтті. Нариман Төреғалиұлы цифрлық технологияларды қолдану арқылы медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылданғанын айтты. Әсіресе жасанды интеллект бағдарламаларын  пайдалану, медициналық  кадрлардың біліктілігін арттыру ерекше маңызға ие. Әлемнің озық тәжірибелерін игеру де басым бағыттардың бірі.

– Былтыр қараша айында Корея Республикасына жұмыс сапарымен барған өңір делегациясы құрамында дәрігерлер де болды. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде облысымыз бен Оңтүстік Корея арасында бірнеше бағытта, соның ішінде медицина саласында маңызды меморандумға қол қойдық. Екіжақты келісім аясында батысқазақстандық 10 дәрігер әйгілі Әулие Мария клиникасында тағылымдамадан өтті. Орал мен Инчхон дәрігерлері бейнебайланыс арқылы кеңес өткізіп тұратын болды. Осыдан бір ай бұрын өңірімізде  Қазақстан-Корея халықаралық симпозиумы өтіп, медициналық ынтымақтастық кең қанат жайды. Сіздердің игілікті істеріңіз бен ұлт саулығына бей-жай қарамайтын адами асыл қасиеттеріңіз  үшін ризашылығымды білдіремін. Абырой-беделдеріңіз  артып, ел алғысына бөлене  бергейсіздер, –  деп ақжарма тілегін арнады Нариман Төреғалиев.

Салтанатты жиында аймақ басшысы сала мамандарын  денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттады. Облыстық кардиологиялық орталық директорының медициналық бөлімі бойынша орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева Құрмет орденіне ие болды. Денсаулық сақтау саласының ардагерлері – Лидия  Макарова мен Серік Жалмұханов, Ақжайық ауданындағы Базартөбе дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері Алмагүл Ахметова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. №2 қалалық емхананың дәрігер травматологі Тыныс Сатыбаев, облыстық «Жедел медициналық жәрдем стансасының» ауысым аға дәрігері  Марина Рукина, Жәнібек аудандық ауруханасында қызмет еткен ардагер Марат Ералиев және бірнеше маман  өңіріне «Еңбек ардагері» медалін тақты. Ал Бәйтерек ауданының №2 ауруханасы – Байқоныс дәрігерлік амбула­ториясының жалпы тәжірибе дәрігері Ару Әлпейісова, Қаратөбе аудандық ауруханасының  дәрігер-онкологі Аққу Есболсынова, Шыңғырлау аудандық ауруханасының  дәрігер-фтизиатры Гүлжан Назарова және бірнеше маман ҚР  Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс­белгісімен марапатталды.

Денсаулық сақтау саласының  ардагері Күлғания Нысанова, «Медициналық орталық» ЖШС-ның директоры Азамат Истаев және басқалар облыс әкімінің алғысхатына ие болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Ғұбайдуллина бір топ әріптесіне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісін, Құрмет грамотасын және алғысхаттарын табыстады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген  сала ардагерлері – Қисамейдин Есқалиев пен Меңсұлу  Жұматованы денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық  адал еңбегі үшін «Батыс Қазақстанның құрметті ардагері»  төсбелгісімен  марапаттады.

Салтанатты іс-шарада Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған «Үздік маман – 2026» байқауында топ жарғандар марапатталды. Мақсат Оразбаев «Үздік денсаулық сақтау менеджері» (Орал қалалық №3 емхана), Нұрсұлтан Меңдалиев «Үздік стационар дәрігері» (Ақжайық  аудандық  ауруханасы), Гауhар Ермекқожина «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» (№5 қалалық емхана), Гүлсара Тәжекенова «Үздік стационар мейіргері» (облыстық перинаталдық орталығы) және Асылғаным  Мусина «Үздік денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметкер» (№2 қалалық емхана) аталымына ие болды. Ал республикалық деңгейде өткен байқауда «Үздік медицина колледжі оқытушысы» аталымына Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі-нің оқытушысы Лаура Ғұсманова ие болды. Сондай-ақ жергілікті басылым облыстың үздік дәрігерлерін анықтау үшін тұрғындар арасында ұйымдастырған сауалнама нәтижесі жарияланды. Үздік деп танылған, ең көп дауыс жинаған мамандарға «Халық алғысы» марапаты табысталды. Олардың қатарында онколог-хирург, облыстық онкологиялық диспансердің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тайман Аманов, Ақжайық аудандық ауруханасының хирургі Дәурен Күдесов, стоматолог-хирург, имплантолог Ерлан Тельманов, облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургі Нариман Оразов және басқалар бар.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале