19.06.2026, 15:15
Оқылды: 17

Сырым ауданы: Әкімдікке үміткерлер пікірсайыста

Алғабас ауылында ауыл әкімдігіне үміткер кандидаттардың қатысуымен сайлауалды пікірсайыс өтті. Үш кезеңнен тұрған кездесуде кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Алғабас (1)

Пікірсайыстың халықпен сұрақ-жауап кезеңінде ауыл тұрғындары ауылдың бүгінгі және болашақтағы дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыл ішілік тас жол салу қажеттігі, балабақша мәселесін шешу және малдың терісі мен жүнін өңдеу арқылы ауыл экономикасын дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Кандидаттар әкім болып сайланған жағдайда алда қандай міндеттер тұрғанын түсіндіріп, көтерілген мәселелерді шешуге қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.

Кандидаттардың бірі Перизат Илашева аудандық ішкі саясат бөлімінде он жылға жуық уақыт бас маман қызметін атқарған. Осы жылдар ішінде аудан көлемінде өткен түрлі қоғамдық-саяси шаралар мен жиындарды ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында жүріп, мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде танылған.

Ал Тұрарбек Нұрғалиев соңғы бес жылда «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. Ауыл-аймақтың коммуналдық мәселелерін шешуде белсенділігімен көзге түскен ол әріптестерімен бірге су құбырларын жөндеу және инфрақұрылымдық жұмыстарға тұрақты араласып келеді. Аудан тұрғындары оны еңбекқорлығы мен жауапкершілігі үшін құрметтейді.

Үшінші үміткер Нұрымбек Оразов аудан әкімдігі аппаратында, сондай-ақ Сарой және Жымпиты ауылдық округтері аппараттарында ұзақ жылдар бойы бас маман болып еңбек еткен. Құжат айналымы мен мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған маманның әкімшілік жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгергені айтылды.

Жалпы, кандидаттардың әрқайсысының өзіндік тәжірибесі мен еңбек жолы бар. Дегенмен алғабастықтардың басты талабы өзгерген жоқ. Тұрғындар ауылдың келешегі үшін елдің мұң-мұқтажын түсінетін, нақты іске қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары азаматтың ауыл әкімі болғанын қалайды.

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале