Астанадағы Арбат алаңында ашық аспан астында «QYMYZ FEST – Қымызмұрындық 2026» этнофестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: gov.kz
Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі мен ауданның Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырған шара қазақ халқының ежелгі дәстүрін жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналды. Мерекелік бағдарлама аясында қолөнер көрмесі, әжелердің шеберлік сабақтары және «Қымызмұрындық» дәстүрінің театрландырылған қойылымы ұсынылып, қонақтарға ұлттық сусын мен тағамдар үлестірілді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Кенжеболат Бапишев пен ардагер ұстаз Күлмәш Төленбайқызы бұл мерекенің елді бірлікке ұйыстыратын, қымыз маусымының басталғанын айшықтайтын береке мен молшылықтың игі дәстүрі екенін атап өтті.
Фестиваль аясында тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі тебу, қамшы өру және жілік сындыру секілді ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сайыстарға ардагерлер, ақсақалдар ұйымының өкілдері мен қала тұрғындары белсенді қатысты.

Шара соңында ұлттық ойындарда топ жарған жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдармен, медальдармен, сондай-ақ ұйымдастырушылардың арнайы алғысхаттарымен марапатталды.