Аудан әкімінің тапсырмасымен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин және аудандық ветеринариялық станса басшысы Алмабек Құрмашев әскери сынақ полигонының аумағына барып, жергілікті шаруалардың шағымын тексерді.

Нақтырақ айтсақ, жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі Игнат Исағалиев полигон аумағынан өзіне шабындыққа берілген жерге көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданының қожалықтары заңсыз кіріп, шөп шауып жатқанын хабарлаған болатын.

Бөлім басшысы Руслан Кариннің айтуынша, іссапардың басты мақсаты — жер дауына жол бермеу, сондай-ақ шабындық жұмыстарының заң аясында жүргізілуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты мамандар әскери сынақ полигонының 5-өлшеу пункті аумағына барып, заңсыз мал азығын дайындап жүрген азаматтармен кездесті. Тексеріс барысында Руслан Карин оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрекеттерін заң шеңберіне келтіруді талап етті. Сонымен қатар делегаттар Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Думан Меңдешовпен кездесіп, туындаған жер мәселесін шешу жолдарын талқылады.

Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
Суретке түсірген автор