Сырым ауданы орталығындағы Alan Tir Parking кемпингінде «Жастар – жарқын болашақ» атты аудан әкімінің жастармен кездесуі өтті.

Еркін форматта ұйымдастырылған жиынға ауданның мәдениет, білім, спорт, өнер және медицина салаларында еңбек етіп жүрген белсенді жастар мен студенттер қатысты. Кездесу барысында жастар аудан әкімімен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын қойды.

Жиында аудан басшысы өзінің балалық шағы, студенттік кезеңі мен еңбек жолы туралы айтып, өмірінде кездескен маңызды белестерге тоқталды. Өз кезегінде жастар аудан әкімінің кімдерді үлгі тұтатыны, өміріндегі қызықты оқиғалары секілді сұрақтар қойып, ауданның дамуына қатысты ойларын ортаға салды.
Шара соңында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытқан бірқатар жасқа алғысхат табыстады. Сондай-ақ аудан әкімі жастық шақ ізденіс пен қалыптасу кезеңі екенін, білімге ұмтылып, еңбектенген адам өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізетінін атап өтіп, уақытты бағалап, әр мүмкіндікті тәжірибеге айналдыруға шақырды.


Кездесу соңында қатысушылар үшін арнайы шағын фуршет ұйымдастырылды.
Қоңдыкер Жеңісұлы,
Сырым ауданы