Бөкей ордасы жұртшылығы жыр тыңдап, жан дүниесін байытқан айтулы күнге куә болды.

Фото: Аружан Карлова
Өңірге ақын, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Дариға Мұштанова, ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайсағали Сейтақ, ақын, зерттеуші-ғалым Талап Таймасұлы, сондай-ақ ақын, драматург, Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығының директоры Талғат Мықи бастаған қаламгерлер мен Меңдібек Лұқпанов, Абылай Мақсұтов, Айнабек Бисенғалиев пен Ақбота Ширмеден сынды жас ақындар ат басын тіреді.

Алдымен шайырлар бисендік жұртшылықпен жүздессе, кейін бұл шара Хан ордасында жалғасын тапты. Ақындарды аудан басшысы Нұрлыбек Даумов арнайы қарсы алып, иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Поэзия әлемі адамдармен әдемі» атты рухани кеште жыр оқылып, әдемі сазды ән шырқалды.




Жиында сөз алған Дариға Ғазезқызы өзінің Бөкей тарихымен байланысы мен өңірдің қасіретті тарихы туралы ой бөлісті. Сондай-ақ Бөкей жұртына жиен боп келетін Меңдібек Лұқпанов Бөкей ордасының тарихы қасіретімен де, қасиетімен де қазақ үшін айрықша екенін жеткізді. Ал Талап Таймасұлы бұл өңірдің әр қазақ үшін ұлы бастаулар мен кіндік мекен екенін атап өтіп, өз пікірлерін білдірді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы