22.06.2026, 18:00
Оқылды: 6

Бөрліде «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады

Биылғы оқу жылында да бөрлілік оқушылар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық көптеген байқауларға қатысып, жетістіктерге жетті. Көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да аяқталып, жас түлектерімізді шығарып салатын уақыт келді. 2025-2026 оқу жылында ауданымыздағы білім беру ұйымдарын 548 түлек бітіріп отыр. Солардың ішінде 11 түлек «Алтын белгі», ал 21 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.

Алтын белгі 2026 (1)

Биыл да аудандық әкімдікте «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны аудандыққ білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова ашты. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Дулат Имашев, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Роза Ахметова, мектеп директорлары, ұстаздар, ата-аналар және биылғы жылдың «Алтын белгі» иегерлері қатысты.

Алтын белгі 2026 (3)

Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Дулат Бауыржанұлы, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Роза Камашқызы, Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінің директоры Күнслу Макунқызы сөз сөйлеп, жас түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтады.

- Бүгін барлығыңызға ерекше күн. 11 жыл алған біліміңіздің нәтижесі. Ауданымыздың ардагер ұстаздарының атынан «Алтын белгі» иегерлері атанған мектеп түлектерін шын жүректен құттықтаймын. «Алтын белгі» иегерлері ұстаздарының ерен еңбегі мен білімі, ата-ананың қамқорлығы мен үлкен үміті ақталған. Қымбатты түлектер, үлкен өмір жолында бастаған қадамдарыңыз сәтті болсын. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Биік шыңдарды бағындырып, еліміздің мақтанышы болатын білікті маман болыңыздар. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда, - деп аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Роза Камашқызы мектеп бітірушілерге сәт сапар тіледі.

Алтын белгі 2026 (5)

Түлектерге арналған құттықтаулардан кейін аудан әкімінің орынбасары Дулат Бауыржанұлы биылғы жылдың үздік түлектеріне «Алтын белгі» төсбелгісін тағып, құттықтады. Биылғы жылдың «Алтын белгі» иегерлері қатарында Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінің үш бірдей түлегі бар. Олар Хангерей Альмуханов, Азамат Баймахан және Мейр Бердалиев. Сондай-ақ қаламыздың №1 ЖОББМ-нің де үш бірдей түлегі алтын тақты. Атап айтсақ, Арсен Маликов және Гүлназ бен Дильназ Нияр. Бір ерекшелігі биыл да былтырғы жылдағыдай ауданымызда егіздер «Алтын белгі» иегерелері атанып отыр. Сонымен қатар қаламыздың №4 ЖОББМ-нен Салтанат Серекқали, Ақбұлақ МББК-дан Аружан Медал, Жарсуат ЖОББМ-нен Таңсұлу Серікқызы мен Наиль Каримов және Кеңтүбек ЖОББМ-нің түлегі Ақниет Хамиттер марапатталды. Сондай-ақ балаларына саналы тәрбие беріп, білімге құштар етіп өсіріп, қолдау танытқандары үшін «Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналарына да құрмет көрсетіліп, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан алғысхат пен гүл шоқтары табысталды.

Алтын белгі 2026 (7)

- Бүгін кенже қызым мектеп бітіріп жатыр. Негізінде 2 ұл, 2 қыз тәрбиеледік. Бүгінгі шараға Кеңтүбек ауылынан келіп отырмыз. Осы ауылда 11 жыл бойына оқып, аяқтап жатыр. Біздің мақтанышымыз қызымыз Ақниет 11 жыл бойына озат оқып, бізді қуантты. Бүгін аудан әкімшілігіне шақырып, балаларымызды және біздерді ата-аналарды қуантып, марапаттап жатыр. Қызымның арманы судья болу. Алдағы уақытта Астана қаласына оқуға түскісі келеді, - дейді «Алтын белгі» иегері Ақниет Хамиттің әкесі Руслан Бахтияров.

Салтанатты жиын соңында түлектер атынан Ақсай қаласының №6 МЛ түлегі Хангерей Альмуханов, ал ата-аналар атынан Кеңтүбек ЖОББМ түлегі Ақниет Хамиттің анасы Жанипа Умаровалар сөз сөйлеп, бағыт-бағдар берген ұстаздарға өз алғыстарын білдірді.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале