22.06.2026, 17:15
Оқылды: 17

Пуэрто-Рикоға жолдама: Орал NIS оқушылары World Robot Olympiad жеңімпазы атанды

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Сауран Ғилым мен Алихан Мурзахметов World Robot Olympiad 2026 олимпиадасының республикалық кезеңінде жеңіске жетті. Оған қоса аталған робототехника додасының Пуэрто-Рикода өтетін халықаралық кезеңіне жолдама алды.

DSC05926.JPG

Еліміздің әр түкпірінен жиналған 286 оқушы робототехника, бағдарламалау және инженерлік жобалау бағыттары бойынша сынға түсті. Оқушылар RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers санаттары бойынша жарысты.

RoboMission бағытында командалар роботты құрастырып, оны арнайы алаңдағы тапсырмаларды өздігінен орындауға бағдарламалады. Future Innovators санатында қатысушылар мәдениет пен өнер саласына арналған инновациялық жобаларын таныстырды. RoboSports бағыты роботтардың спорттық форматтағы жарысына арналса, Future Engineers санатында оқушылар күрделі инженерлік тапсырмаларды шешуге арналған роботтық жүйелерін көрсетті.

DSC03896.JPG

Биылғы маусымның тақырыбы – «Robots Meet Culture». Осы идея аясында қатысушылар мәдениет пен технологияның тоғысын көрсететін жобалар ұсынып, робототехника арқылы тың шешімдер әзірледі.

Орал қаласындағы NIS-тен 4 категория бойынша 8 оқушы қатысып, бақ сынаған болатын. Нәтижесінде, зияткерлеріміздің «Archo AI» жобасы үздіктер қатарынан табылды.

«Archo AI» жобасы — тарихи жәдігерлерді зерттеп, олардың жай-күйі мен жасын анықтайтын, жасанды интеллектімен жұмыс істейтін бірегей аппарат. Балалардың бұл жобасы отандық тарих, мәдениет және өнер саласын цифрландыруға үлкен үлес қоспақ.

Жоба жетекшісі: мектебіміздегі инженерлік-техникалық шығармашылық және ақпараттық технологиялардың кеңейтілген зертханасының меңгерушісі Медет Бисекенов.

 

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік

мектебінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале