23.06.2026, 12:45
Оқылды: 10

Полиция күні: ел тыныштығы жолында абыройлы қызмет етіп жүрген Бауыржан Сарбаев

Адам баласы үшін ең қымбат құндылықтардың бірі – тыныштық пен қауіпсіздік. Ел ішінің берекесі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы жолында күн-түн демей қызмет ететін полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Олар мереке мен демалысқа қарамай, халықтың амандығы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында абыройлы міндет атқарады. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында біз ел тыныштығын күзетуді өмірлік мұрат еткен, ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында адал еңбек етіп келе жатқан Казталов ауданындағы Жалпақтал полиция бөлімінің кезекші бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Бауыржан Сарбаев туралы әңгіме өрбітпекпіз.

image-23-06-26-12-15-2

Бауыржан Самиғоллаұлы — 1980 жылы 18 қыркүйекте Казталов ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келді. Заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған ол Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін 2006 жылы Жалпақтал полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымына жұмысқа орналасты. Одан кейінгі жылдары тәжірибесін шыңдап, шені жоғарлаған Бауыржан Сарбаев анықтаушы, аға тергеуші, Жалпақтал полиция бөлімі бастығының орынбасары, кейін Казталов аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етіп, полиция подполковнигі шенін иемденді. Бүгінгі таңда Бауыржан Самиғоллаұлы Жалпақтал полиция бөлімінде кезекшілік бөлімнің аға инспекторы қызметін атқарып жүр. Бөлімшедегі жеке құрамның ішіндегі жасы үлкені саналатын Бауыржан Самиғоллаұлын әріптестері өздеріне үнемі үлгі тұтып, құрметпен қарайды.

WhatsApp Image 2026-06-23 at 13.45.39

Отбасында асқар тау әке атанған Бауыржан Самиғоллаұлы аяулы жары Қарлыға Қанапияқызы екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп келеді.

— Ағымдағы жылы еліміздің ішкі істер министрлігі сала бойынша жаңғырту жұмыстарын кеңінен қолға алып, жеке құрамның өз ісіне адал болуы үшін жаңа бағдарламалар әзірлеп, полицейлердің қызметін кәсіби стандарттарға сәйкестендірді. Негізінде қарапайым халық былайғы жай күндерде полиция қызметкерлерінің мойнындағы  жауапкершілік пен жанкештілікті көбіне ескере бермейді. Дұрысында, полицияның жеке кұрамы қызмет барысындағы қатаң тәртіп пен берілген уақытқа мән бермей мезгілсіз атқаратын жұмыстардың бәрін бірге алып жүруге тырысады. Сондықтан қатарымызда кез келген азаматтың иығына салмақ салып, жауапкершілікті еселеп арттыратын осынау қиын да қызықты мамандықты атадан балаға жалғап, жылдар бойы абыроймен атқарып келе жатқан әулеттердің де бар екені бізді қуантады. Олар Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп жалғатырып келеді.  Олардың тәжірибесі ауылдағы жастарға үлкен өнеге, - дейді Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы Дастан Искалиев.

WhatsApp Image 2026-06-23 at 13.45.04

Елді мекендерде тұратын адамдардың санына орай, әрбір ауылда күн сайын түрлі тағдырлар кездесетіні жасырын емес. Осыған орай олармен ортақ тіл табысу үшін жергілікті полицейлерге психолог болу да ауадай қажет. Олардың қатал болатын тұс­та қаталдық танытып, қажет ке­зін­де кешірімшіл де бола білгендері абзал.

Біздің «Заман талабына сай келетін Қазақстан полицейлерінің жарқын бейнесін бір ауыз сөзбен, қысқаша сипаттап бере аласыз ба?» деген сауалымызға подполковник шеніндегі Бауыржан Самиғоллаұлы былайша жауап берді:

— Соңғы үлгідегі технологиялар мен ақпараттардың қарыштап дамыған тұсында еңбек етіп жатқан қазақстандық полицейлерге ашықтықты, қолжетімділікті және жеделділікті арттырып, жергілікті тұрғындармен тиімді байланысты күшейтуге тікелей  атсалысуы керек деп есептеймін. Осы талап үдесінен шыға алса, бүгінгі полицейлердің жарқын бейнесі қоғамда айқын айшықталып, мақсат мүдделеріне еркін қол жетізетін болады. Әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын!, — деді ол.

Иә, біз де, уақыттың 24 сағатына тәуелді полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі ел алдында өз дәрежесінде сақталып, шендері де жоғарылай берсін деген мереклік тілекпен жазбамызға нүкте қойғанды жөн көрдік...

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале