Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы мен өзекті мәселелеріне арналған кеңес өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бекіткен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл экономикасына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды жобалардың бірі, – деді жиынды ашқан Нариман Төреғалиұлы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің (суретте) баяндауынша, өткен жылы өңірге 5,5 млрд теңге қаражат бөлініп, оның 56%-ы игерілген. «Бүгінгі күнге 3,1 млрд теңгеге 240 несие беріліп, 488 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын (37%) дамытуға және техника алуға (38%) бағытталды. Сонымен қатар 488 млн теңгеге несие мақұлданды. Жалпы 3 млрд 593 млн теңге қаржыны игеру немесе 65%-ға жету жоспарлануда. Қаражатты игеруде Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек және Қаратөбе аудандары 80-нен 100%-ға дейін белсенділік көрсетсе, Ақжайық (45%), Бөрлі (24%) және Казталов (24%) аудандары осы күнге дейін қарастырылған лимиттерінің 50%-ына да жете алмай отыр», – деді басқарма басшысы.
Өтініш құрылымы мен салалар теңгерімі – басты мәселе
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қабылданған өтініштер құрылымында теңгерімсіздік үстемдік етуде. Өткен жылы түскен 5,5 млрд теңге қаражаттың 4,1 млрд теңгесіне (75%-ы) өтініштер қабылданып, қалған 25%-ына аудандардан өтініштер күтілуде. Қабылданған өтініштер бойынша бес ауданнан (Жаңақала – 90%, Жәнібек - 120%, Бәйтерек - 103%, Қаратөбе - 137% және Теректі - 89%) түскен өтініштер қарастырылған лимиттің 90%-ынан асып отыр. Ал үш аудан бойынша (Ақжайық – 46%, Бөрлі - 27% және Казталов - 28%) түскен өтініштер лимиттің 50%-ына жетпейді. Мал шаруашылығына қаралған лимиттің 102%-ына немесе 1 млрд 677 млн теңгеге өтініштер қабылданған. Осы ретте облыстың төрт ауданы (Бәйтерек - 158%, Қаратөбе – 221%, Сырым - 145%, Теректі - 127% және Шыңғырлау - 144%) қаралған лимиттен 1,5 - 2 есе асып кеткен. Өсімдік шаруашылығына қаралған лимиттің тек 60%-ына немесе 327 млн теңгеге өтініштер қабылданған. Бұл бағытта бес ауданнан (Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым және Тасқала) өтініштер мүлдем түспеген.

– Қайта өңдеуге қаралған лимиттің тек 45%-ына немесе 499 млн теңгеге өтініштер мақұлданды. Осы ретте қағидаға сәйкес қайта өңдеу саласында 20%-дан кем емес мөлшерде шағын несие беру көзделгенімен облыстың екі ауданында (Бөрлі, Жаңақала) бұл көрсеткіш нөлді құрайды. Ал алты ауданда (Ақжайық – 4%, Бөкей ордасы – 27%, Казталов – 35%, Сырым – 25%, Теректі – 44%, Шыңғырлау – 27%) қарастырылған лимиттің 50%-ына жетпейді. Лизингке қаралған лимиттің тек 73%-ына немесе 803 млн теңгеге өтініштер бар. Бірақ екі аудан (Бөкей ордасы және Шыңғырлау) мүлдем тымтырыс, өтініштер жоқ.
Өсімдік шаруашылығы мен қайта өңдеу саласына түсетін өтініштер әлі де жеткіліксіз. Осы бағыттар бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет, – деді Жасұлан Халиуллин.
«Кабинетте отырмаңыздар!»
Өңір басшысы кей ауданда жұмыстың жүргізілмей отырғанын сынады. Халық арасында бағдарламаның тиімділігін түсіндіру жұмысын ширатуды тапсырды. Жұмысы өнікті Бәйтерек ауданына барып, бағдарлама бойынша озық жобалармен танысуды, өзара тәжірибе алмасу қажеттігін тілге тиек етті. «Халықтың обалына қалмаңыздар. Үкімет қаражат бөліп отыр. Кабинетте отырмаңыздар», – деп қатаң ескертті. Сонымен қатар жиында мал шаруашылығына басымдық берілгенімен, қайта өңдеу саласының үлесін арттыру қажет екендігі айтылды.

«Бір ауыл - бір кооператив» саясаты аясында тұрғындарды біріктіру бағытында өңірдегі 62 кооперативке 1 млрд 689 млн теңге қаржы берілді. Тек төрт ауданда (Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Теректі) осы бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатыр. Ақжайық, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында бір-бір кооперативтен қаржыландырылса, Бөкей ордасы ауданынан ешқандай кооперативтік жоба түспеді. Қайта өңдеу бағытына Жәнібек, Бәйтерек, Теректі аудандарының кооперативтері алса, қалған аудандарда қозғалыс жоқ. Өсімдік шаруашылығы бағытына Жаңақала, Бәйтерек, Теректі кооперативтері қаражат алып, басқа аудандар қатыспаған. «Кооперативтердің қызметін дамыту үшін техника мен құрал-жабдығы микрокредиті мен лизингісіне мән берілуі қажет деп есептеймін», – деді Ж. Халиуллин.
Кооперация – ауыл экономикасының өзегі
Өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 11 түріне мониторинг жүргізіледі. Облысымыз өнімнің тоғыз түрімен, соның ішінде ұнмен, нанмен, макаронмен, сиыр және қой етімен өзімізді толық қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа өңірлерді де қамтитын әлеуетке ие. Бірақ тауарлардың өзге түрлері бойынша әлі де импортқа қатты тәуелді. Құс еті мен жұмыртқамен өңір орта есеппен тек 60-70%-ы ғана қамта-масыз етіледі. Ал бір адамға шаққандағы жылдық тұтыну меже 16 келі құс еті мен 265 дана жұмыртқаны құрайды.

«Картоппен жағдай тұрақты (жылына бір адам 100 келі тұтынады). Ал пияз, сәбіз және қырыққабат бойынша көрсеткіштеріміз төмен – ішкі сұраныс 30%-дан да аз көлемде ғана өтеледі. Бір адамға шаққандағы сүт тұтыну межесі 45 келі болғанымен, дайын өңделген өнімдерді (сары май, сүзбе, ірімшік) шығару жағы бізде әлі де өте баяу дамып келеді», – деді облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов (суретте). Оның пікірінше, ауылдағы өндірісті тиімді ұйымдастыру үшін кооперация жүйесі шешуші рөл атқарады. Кеңесші шикізатты жинау, өңдеу және өткізу бір жүйеге біріктірілуі қажет екеніне назар аудартты. «ҚПО б. в.» сынды ірі серіктес кәсіпорындармен байланыс орнату арқылы өнім өткізу нарығы тұрақтанғанын атап өтті. Жалпы ауыл-аудандарда тұрғындарды кооперативке біріктіру бағытындағы жұмыстарға басты назар аудару қажет.
Әлеуметтік жағдай және жұмыспен қамту

Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Бақберген Әбуов (суретте) ауыл халқының әлеуметтік жағдайына қатысты деректерді ұсынды. Отбасының цифрлық картасында облыс бойынша 223 200 отбасы, 694 963 адам бар. Қазіргі кезде дағдарысқа ұшыраған және мүшкіл санаттағы отбасылардың үлесі 44 984 отбасын (105 660 адамды) немесе олардың жалпы санының 20,2%-ын құрайды. Биыл аталған санаттағы отбасы санын 4 231-ге төмендету индикаторы бекітілген. Аталған отбасылар саны жыл басымен салыстырғанда 2 672 отбасына немесе 6,3%-ға өсіп отыр (10.01.2026 жылы 42 312 отбасы). Бекітілген жоспарға жету үшін жыл соңына дейін 6903 отбасын неғұрлым қолайлы санаттарға ауысуы керек. Тиісті мемлекеттік құрылымдар әр отбасымен атаулы жұмыстар жүргізіп, отбасылардың түйткілді мәселелерін шешу бойынша тер төккендері дұрыс. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2023-2025 жылдары 1500-ден астам адамға шағын несие берілгені, олардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасты. Тасқала, Шыңғырлау аудандарында дағдарыстық санатындағы азаматтар мүлдем несие алмаған. Ал Ақжайық, Казталов, Қаратөбе, Тасқала аудандарының әрқайсысында мүшкіл санаттағы отбасылардан бір-бір адам несие алса, қалған аудандарда мүлдем алмаған. Жиында аталған санаттағы азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты биылғы бірінші шілдеге дейін 60%, бірінші қыркүйекке дейін 100% игеру үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір кооператив»» моделін дамыту, әлеуметтік әлсіз топтарды кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар-дың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
«Барлық көрсеткіш нақты нәтиже беруі тиіс. Әр аудан өз міндетін уақытында орындауға жауапты», – деді өңір басшысы.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»