23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Студенттер сарайында» дәстүрлі «Білімділер додасы» зияткерлік ойыны өтті. Танымдық іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.

Зияткерлік додаға облыс, қала және аудан әкімдіктерінен келген мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ жалпы орта білім беретін мектептердің оқушыларынан құралған 14 команда қатысты. Қатысушылар білім мен біліктілікті сарапқа салып, түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берді.
Сайыс барысында командалар логикалық ойлау қабілетін, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдау дағдыларын сынға салды. Әсіресе тартысты өткен кезеңдерде қатысушылардың ұйымшылдығы мен топтық жұмысқа деген бейімділігі анық байқалды.
Доданың ашылу салтанатында облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Аудандар мен қаладан келген командаларға бүгінгі байқауда жаңа қырларынан көрініп, үлкен белестерді бағындыруларына тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді аппарат басшысы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Білімділер додасы» мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыруға, қазақстандық патриотизм құндылықтарын насихаттауға және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар жоба білімге құштар, көшбасшылық қасиеті жоғары азаматтарды анықтап, олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға жол ашып, мемлекеттік қызметшілер мен болашақ көшбасшылар арасындағы байланысты нығайтады.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша І орынды Жаңақала ауданы әкімдігінің командасы иеленді. ІІ орын Орал қаласы әкімдігінің командасына бұйырса, ІІІ орынды Бәйтерек ауданы әкімдігінің командасы еншіледі.
«Білімділер додасы» тағы бір мәрте білім мен бірліктің, зерделі ізденіс пен зияткерлік қабілеттің маңызды екенін айқындап берді.
Айшагүл Құсайынова,
Орал қаласы