24.06.2026, 16:44
Оқылды: 21

Мұхит мұрасы - ұлттық өнердің мәңгілік қазынасы

 

Атамекен өнер ордасында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, композитор Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ музыка мәдениетіндегі Мұхит феномені: тарих, тағылым, зерттеу» атты ғылыми конференция өтті.

b1761c2e-102b-4a57-9ce1-d452b18ac808

Тағылымы мол жиынға өңір зиялылары, ғалымдар, мәдениет саласының мамандары мен өнер сүйер қауым қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты – Мұхит мұрасын кеңінен насихаттау, оның қазақ музыка мәдениетіндегі орнын ғылыми тұрғыда зерделеу болды.

d0a79eea-1ab2-4df6-a384-20f8d2da4078

Шара барысында алғаш сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев: -Мұхит Мерәліұлы қазақтың ән өнерін биік деңгейге көтерген, ұлттық руханиятымыздың алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға. Оның асқақ та сырлы әндері халықтың жан дүниесін, еркін рухын бейнелеп, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Бүгінгі конференция – ұлы композитор мұрасын жаңаша пайымдап, оның ұлттық мәдениеттегі орнын айқындайтын маңызды басқосу. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді, – деп атап өтті.

Конференцияда спикерлер Мұхит Мерәліұлының шығармашылығы туралы тың деректер ұсынып, оның әндерінің көркемдік ерекшеліктерін, орындаушылық шеберлігін және қазақ музыка өнеріндегі өзіндік орнын жан-жақты талдады. Сонымен қатар, Мұхит туындыларының халықтың рухани болмысымен тығыз байланысы, олардың тәрбиелік және эстетикалық мәні кеңінен сөз болды.

83aa1bc0-f57b-4283-a4bd-d6a140a7968d

Жиын барысында композитордың ән мұрасы тек өнер туындысы ғана емес, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі екені айқындалды. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан асыл қазына ретінде бағаланды.

Конференция республикалық мүшәйралар жеңімпазы, Қаратөбелік ақын Қуаныш Сайлауұлының туған жерге арналған сазды өлең жолдарымен қорытындыланды. Тағылымды шара ұлттық өнерді ұлықтап, тарихи мұраға деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды басқосу.

 

Бекзат Қанәділ

Қаратөбе өңірі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале