24.06.2026, 17:29
Оқылды: 9

Ұлы тұлға мұрасы ұлықталған күн

Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған мәдени-танымдық шара аясында «Сал Мұхит – дәуір үні» деректі фильмі көпшілікке таныстырылды.

b0f06e2f-634b-47af-88b7-36ee6e54bddb

Аталған туынды ұлы әншінің өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Деректі фильмнің бас продюсері – журналист, тележүргізуші, продюсер Мая Бекбаева.

Фильм барысында Мұхит Мерәліұлының өмір жолына қатысты тың деректер ұсынылып, оның қазақ музыка өнеріндегі орны кеңінен ашып көрсетілді. Сонымен қатар, оның әншілік мектебінің ерекшелігіне айрықша назар аударылды. Зерттеушілердің пайымдауынша, Мұхиттың орындаушылық мәнері өзгеше болып, кең тынысты, диапазоны жоғары дауысы италиялық опера өнеріне жақын сипатымен ерекшеленгені атап өтілді.

9400bd51-e704-429d-a448-da027bfa4c06

Шара барысында алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұл деректі фильмнің маңызына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде Мұхит Мерәліұлының қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі орны айрықша екенін атап өтіп, осындай тарихи-танымдық туындылардың халыққа кеңінен ұсынылуы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, бұл фильм ұлы тұлғаның мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттауда үлкен рөл атқаратынын айтып, көпшілікке көру үшін ұсынылып отырған құнды еңбек екенін атап өтті.

0ce1de4b-1aa9-44ad-a9d4-ce10e99ae799

Сонымен қатар, облыс әкімі Мұхит Мерәліұлының ұрпақтары Мұхитова Әсия мен Мұхитова Динаға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жауып, гүл шоқтарын табыстады.

Ақынның шөбересі Мұхитова Әсия көпшілікке өз алғысын білдіріп, «Атамды барша жұрт мақтан тұтатындай ұлы тұлға болғаны – мен үшін зор мақтаныш. Оның артында қалған мол мұрасы, асыл әндері бүгінгі ұрпақпен қайта қауышып жатқаны көңіл қуантады. Осындай тағылымды шараларды ұйымдастырып, ұлы тұлғаның есімін ұлықтап жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мұхит атамыздың өнері ешқашан ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді деп сенемін», – деді.

3db26212-fa80-470c-b4f5-80baab614d2d

Осы орайда, Мұхит Мерәліұлы бабамыздың 185 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Дәуірдің дарабоз әншісі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды шара барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы мен Мұхит Мерәліұлының ұрпақтары Мұхитова Әсия және Мұхитова Дина бірлесіп кітаптың тұсауын кесті.

Аталған жинаққа Мұхит Мерәліұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектері, мақалалар, көркем туындылар, мерейтойлық айтыстар мен әнші-композитордың ұрпақтары туралы жарияланымдар, сондай-ақ арнау жырлар мен дастандар топтастырылған. Кітаптың авторы әрі құрастырушысы – «Еңбек даңқы», «Тіл жанашыры», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері Нұрлан Сәдір.

Мерекелік кеш одан әрі көрермендерге арналған концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, әсем ән мен тағылымды өнерге ұласты.

 

Бекзат Қанәділ

Қаратөбе өңірі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале