Ұлттық өнеріміздің көрнекті өкілі, қазақтың дәстүрлі ән мектебінің дара тұлғасы Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл толуына орай мәдени-танымдық шара аясында жазушы Жаулыбай Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» атты кітабының қайта толықтырылып, өңделген жаңа басылымының тұсаукесері өтті.

Кітап жаңа деректермен, мұрағаттық материалдармен толықтырылып, оқырман қауыммен қайта қауышты. Басылымның жарық көруіне елеулі үлес қосқан жерлесіміз Ертай Бимұханов таныстырылым барысында кітаптың жазылу тарихына тоқталып, жинаққа енгізілген тың мәліметтердің маңызы жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Ақын Ертай Бимұханов өз сөзінде Мұхит Мерәліұлының қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі айрықша орнына, оның шығармашылық мұрасының тарихи-рухани құндылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ жаңа басылым ұлттық руханиятты байытып, әнші мұрасын кейінгі ұрпаққа тереңірек танытуға қызмет ететін маңызды еңбек екенін атап өтті.

Кітаптың тұсауын Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, әнші-термеші Хатимолла Бердіғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева кесті.
Қаратөбе өңірі