25.06.2026, 16:55
Оқылды: 16

Сары дала сағынышы - сал Мұхит

Қаратөбеде халық композиторы, әнші-ақын Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталды.

IMG_7057

Мерейтойлық шараға келген меймандар алдымен орталық алаңда орналасқан Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Одан соң аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі әншілер байқауы басталды.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сал Мұхиттың шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Құрметті өнерсүйер ағайын, қадірлі қонақтар, дәстүрлі ән өнерінің майталмандары мен жас дарындар!
Мұхит Мерәліұлының мұрасы – қазақтың ән өнеріндегі биік белес, ұлттық руханияттың сарқылмас қазынасы. Оның ғибратты ғұмыры мен телегей шығармашылығы туған халқының өнерге деген сүйіспеншілігін, сұлулыққа деген іңкәрлігін айшықтап, бүгінгі ұрпаққа тағылым болып келеді.
Мұхит Мәрәліұлының 185 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – Сал Мұхит» республикалық дәстүрлі әншілер байқауының Мұхит бабамыздың кіндік қаны тамған қасиетті Қаратөбе жерінде өтуі тарихи, әрі айрықша мәнге ие.

IMG_7058
Бүгінгі байқау – дәстүрлі ән өнерінің сабақтастығын нығайтатын, талантты жастардың қанатын қатайтатын тағылымды өнер додасы.
Мұхит салған сара жолды жалғаған жас өнерпаздардың өнері арқылы халқымыздың асыл қазынасы қайта жаңғырып, ұлттық рухымыз асқақтай түседі деген сенімдемін.
Барша қатысушыларға шығармашылық шабыт, жоғары деңгейде өнер көрсетулеріңізге тілектеспін.
Байқау көрермен көңілінен шығып, дәстүрлі өнердің мерейі үстем болсын, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Одаң соң Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев аудан жұртшылығын мерейтой мен құттықтап, Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын табыс етті.
Үш жүзге ән оздырған Мұхит Мерәліұлының шығармашылығын ұлықтауға арналған республикалық дәстүрлі әншілер байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 34 үміткер қатысуда. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларынан, Ақмола, Абай, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Ақжайық, Бөкей Ордасы, Казталов, Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарынан келген өнерпаздар бақ сынайды.

IMG_7059
Сонымен қатар, байқауға Мұхит Мерәліұлының ұрпағы Қарлығаш Мұхитова да қатысуда.
Кәсіби әншілер додаға түсетін байқау екі кезеңді қамтиды. Қатысушылар І кезеңде өз қалауы бойынша Мұхит Мерәліұлының кең тынысты, жоғары диапазонды бір әнін, әр өңірден келген өнерпаз өз өлкесінің халық композиторларының кең тынысты, жоғары диапазонды бір туындысын, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарынан бір ән орындайтын болады.
Баба мұрасын насихаттаушы дәстүрлі әншiлерге Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Какимов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Академиясының оқытушысы, дәстүрлі әнші Армат Ислямғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет»орденінің иегері, профессор, Тайжан Қалмағамбетов атындағы Ұлытау облысы филармониясының әншісі Ғалым Мұхаммеден, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер»кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рысты Сүлейменова сынды өнер майталмандары қазылық етуде.

 

Қаратөбе өңірі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале