Дархан даланың дарабоз әншісі, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, ұлы сазгер Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған республикалық «Сал Мұхит – дәуір үні» мәдени-танымдық шара жалғасуда.

Мерейтой аясында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Киіз үй ішінде ағаш ыдыстар мен сандықтар, келсап пен қамшы, бесік жабдықтары, ер-тұрман бұйымдары, қобыз бен домбыра, шоқ самаурын, диірмен және аң терілері көпшілік назарына ұсынылды. Тарихтан сыр шертетін бұл құнды мұралар халқымыздың бай мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен мол мағлұмат беріп, ұлттық құндылықтардың маңызын айшықтай түсті.

Сондай-ақ «Салт-дәстүр – асыл қазына» шарасы аясында қазақ халқының «Тұсау кесер» рәсімі өткізіліп, кішкентай Көзайымның тұсауы кесілді.
Көзайымның тұсау кесу рәсімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева бүлдіршіннің тұсауын кесіп, кішкентай Көзайымға ақ жол тілеп, ізгі батасын берді.

Құрметті қонақтарға ақшаңқан киіз үйде ақ дастарқан жайылып, қазақы дәстүрге сай ерекше құрмет көрсетілді.
Шара аудандық мәденит үйі әншілерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Қаратөбе өңірі