Ақжайық ауданы орталығындағы мешіт аумағында спорт алаңының құрылысы қарқын алды. Осыдан біраз жыл бұрын басталған нысанның құрылысы түрлі себептермен аяқталмай қалған еді. Енді биыл ауылдың жанашыр азаматтары қайта қолға алып, игі іске жан бітірді.

Аумағы 18х36 болатын жаңа спорт алаңы ауыл жастары мен жасөспірімдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.
Бастамашыл топ мүшелерінің бірі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Игилмановтың айтуынша, бұл алаң әсіресе балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы ойын және жаттығу орнына айналады.

– Ауыл тұрғындары үшін өте қажет нысан. Балалардың спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізуіне барлық жағдай жасалады. Құрылысты 6 шілдеге дейін аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр, – дейді ол.
Ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен ортақ іске деген жанашырлығының арқасында бой көтеріп жатқан бұл спорт алаңы елдің игілігіне қызмет етіп, жас ұрпақтың дені сау, белсенді болып өсуіне өз үлесін қосары сөзсіз.
Айжан Ақыл
Ақжайық ауданы